Қазақстандық футболшы Ресейдің үздік ойыншысы атануы мүмкін
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Футболдан Ресей премьер-лигасы желтоқсан айының үздігі атанудан үміткер бестікті жариялады. Олардың арасында қазақстандық футболшы да бар.
Аталған бестікке Қазақстан ұлттық құрамасының және Ресейдің "Ростов" командасының жартылай қорғаушысы Бактир Зайнутудинов енген. Отандасымыз Ресей премьер-лигасының 19-турында Мәскеудің "Спартак" командасының қақпасына дубль жасаған.
Сондай-ақ үміткерлер қатарында "Арсенал" шабуылшысы Евгений Луценко (екі ойында екі гол, екі нәтижелі пас), "Уфа" қақпашысы Александр Беленов (екі ойында да гол жібермеген), "Рубин" жартылай қорғаушысы Хвича Кварацхелия (екі ойында бір гол, бір нәтижелі пас) және "Уфа" жартылай қорғаушысы Азер Алиев (екі ойында бір гол, бір нәтижелі пас) бар.
Айдың үздігін жанкүйерлер және "Матч-премьер" арнасының сарапшылары анықтайды. Қараша айында "Тамбов" шабуылшысы Владимир Обухов үздік атанған.