Футболға бюджеттен бөлінген миллиардтар қайда кетіп жатыр
Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы Қазақстан – Солтүстік Македония матчы жанкүйерлер көңілінен шықпады. Көпшіліктің күткені үміт болса, ұлттық құраманың алаңдағы ойыны сол үмітті ақтамай, ел футболының терең проблемаларын қайтадан күн тәртібіне шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанда футбол ең көп қаржы бөлінетін спорт түрі. Алайда "бұл қаражат қайда кетіп жатыр?", "оны кім бақылап отыр?", "қайтарымы қандай?" деген сұрақтар ашық күйінде қалып отыр. Мысалы 2025 жылға жоспарланған бюджетті қарасақ, бірнеше өңірдегі клубтарға миллиардтаған теңге бөлінген:
- «Ордабасы» – 3,35 млрд теңге (елдегі ең қымбат клуб);
- «Қайсар», «Ертіс», «Каспий», «Оқжетпес», «Жетісу», «Қызылжар» – әрқайсысына шамамен 1,2 млрд теңгеден;
- Ал Түркістан облысындағы 6 клубқа – жалпы 2,2 млрд теңге.
Көбінесе бұл қаражат негізгі командалардың жалақысына, оның ішінде көбіне ортаңқол легионерлерге жұмсалады. Мысалы «Ордабасыда» – 10, «Қызылжарда» – 11, «Жетісуда» – 8, «Тұранда» – 12 шетел ойыншысы бар. Бірнеше клуб "легионерлердің жалақысын демеуші төлейді" дегенімен, клубтың жалпы шығыны мемлекет есебінен өтеледі.
Өзбекстан үлгі болды
Қарама-қайшы мысал – көрші Өзбекстан құрамасы. Олар алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алды. Бұл кездейсоқ жетістік емес, бірнеше жыл бойы жүргізілген жүйелі саясаттың нәтижесі. Жаңа стадион, балалар футболына инвестиция, ішкі біріншіліктің сапалы бәсекесі – міне, нәтиже әкелген факторлар.
Өзбекстан ұлттық құрамасының әлем чемпионатына жолдама алуы бауырлас ел үшін тарихи жетістік. Бұл жеңістің артында бірнеше жыл бойы жүзеге асқан нақты бағдарлама, жүйелі дайындық пен инфрақұрылымдық дамудың нәтижесі жатыр. Естеріңізде болса, жуырда ғана Өзбекстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы Азия чемпионатында топ жарып, құрлық чемпионы атанды. Бұған қоса, елдің олимпиадалық құрамасы соңғы Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсетті. Бұл – жастарға жүйелі түрде көңіл бөлініп келе жатқанының айғағы, - дейді футбол сарапшысы Асқар Қожабергенов.
Оның айтуынша, мұндай жетістікке жетудің нәтижесі, ұзақ жылдар бойы жүргізілген жұмыстың жемісі.
Хусановтың "Манчестер Сити" клубында, ал Шохрух Мурадовтың Италияның "Рома" клубында ойнауы өзбек футболының биік деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Бұл жетістіктер кездейсоқ емес, бұл ұзақ жылдар бойы жүргізілген стратегиялық дамудың жемісі, - дейді ол.
Футбол сарапшысы, ұлттық құраманың ең алғашқы капитаны Асқар Қожабергенов өзіміздің ұлттық құраманың мұндай дәрежеге жете алмауының бірнеше себебін атады.
Өкінішке қарай, Қазақстан мұндай деңгейге әлі жете қойған жоқ. Бұған негізгі себеп – инфрақұрылым мен балалар-жасөспірімдер футболына жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбеуі. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде небәрі екі жаңа стадион салынды. Ал көршілес Өзбекстанда соңғы жылдары ондаған заманауи стадиондар салынып, әлемдік стандарттарға сай инфрақұрылым қалыптастырылды. Ең бастысы олар жасөспірімдер футболын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Қазіргі жетістіктері – осы ұзақмерзімді саясаттың жемісі. Бұл біз үшін де үлкен сабақ, әрі болашақта өзіміздің футболымызды дамыту үшін нақты бағдар болуы тиіс, - деді сарапшы.
Коммерцияланған футбол
Дәл осындай жобаны басқа өңірлер де қолға алуы керек шығар. Алматы мысал. Мұндағы екі клуб «Қайрат» пен «Jas Qyran» коммерциялық негізде жұмыс істейді. Мемлекет қаржысы тек академияларды қолдауға ғана бөлінеді. Бұл спорттың дамуын бюджетке байламай жүргізудің нақты үлгісі. «Қайрат» академиясы елдегі ең ірі орталықтардың бірі, 800-ге жуық жасөспірімге тегін оқу береді.
Қаржыны бақылау бар ма?
Облыс бюджетінен бөлінген миллиардтар қалай жұмсалады? Бұл сұрақтың жауабы өте маңызды. Бір қызығы, премьер-лига командаларына бөлінетін қаржы көлемі мен олардың нәтижелері арасында ешқандай байланыстың жоқ екенін көреміз. Мысалы 2-лигада ойнайтын «Каспий» мен «Екібастұз» клубтарына 1,2 млрд теңгеден бөлінген. Бірақ оларда көрермен аз, нәтиже жоқ.
Бұған қоса, ауыл футболын дамыту бағдарламасы кейбір өңірлерде мүлде жоқ. Бұл жағдай әсіресе Шымкент, Павлодар, Өскемен сияқты өңірлерде байқалады. Клуб бар, қаржы бар, бірақ стратегия жоқ.
Ұлттық құраманың жай-күйі – ішкі чемпионаттың көрінісі
Ұлттық құраманың деңгейі – ішкі біріншіліктің айнасы. Қазақстан премьер-лигасы бұл рөлді атқара алмай отыр. Матчтардың көпшілігінде нағыз бәсеке сезілмейді. Кейбір ойындарға 100-ден аз адам келеді. Бұл – чемпионатқа деген халықтың қызығушылығының жоқтығының айғағы.
Қазақстан футболының қазіргі жағдайы есеппен толтырылып, есеппен қорғалған, бірақ нәтижесіз жүйенің көрінісі. Мемлекеттік қаржыландыру, инфрақұрылым, балалар спорты, ішкі біріншіліктің сапасы бұл мәселелердің бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Егер шынайы реформалар қолға алынбаса, Қазақстан құрамасының әлем чемпионатына шығуын көретін күн алыс сияқты.