Футболдан Қазақстан құрамасының капитанынан тыйым салынған препарат табылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Футболдан Қазақстан құрамасының бірнеше ойыншысы алдағы матчтарға қатыса алмайды. Арасында команда капитаны Бауыржан Исламхан да бар.
Мәскеудің ЦСКА командасында ойнайтын Бактиёр Зайнутдинов Ресей премьер-лигасының 14-турында «Ростовпен» өткен кездесуде есінен танып қалған еді. Сондықтан алдағы ойындарға көмектесе алмайды.
Одан бөлек, жарақаттарына байланысты Серікжан Мұжықов, Думан Нәрзілдаев, Сергей Малый ұлттық құраманың қатарына келе алмады.
Денсаулықтарына байланысты алдағы ойындарға қорғаушы Темірлан Ерланов пен жартылай қорғаушы Асхат Тағыберген қатыспауы мүмкін.
Қазақстан құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан допинг дауына ілікті. Азия Чемпиондар лигасының ойынынан кейін тапсырған допинг-сынағында оның қанынан тыйым салынған препарат табылған. Футболшы уақытша ресми ойындарға қатыспайды.
Беларусь елінің «Рух» командасының жартылай қорғаушысы Владислав Васильев Covid-19 індетін жұқтырған.
Қосалқы тізімнен орталық алаңда ойнайтын жартылай қорғаушылар Аслан Дарабаев пен Юрий Перцух, сонымен қатар, шабуылшы Тоқтар Жаңғылышбай шақырылды.