Бүгiн 2026, 15:56 Фото: Турнирдің әлеуметтік желісіндегі парақшасынан

Футболдан Әлем чемпионатын тамашалауға қанша қазақстандық барады?

СІМ футбол чемпионатына баратын қазақстандықтарға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға кеңес берді.

2026 жылғы футболдан Әлем чемпионаты кезінде АҚШ, Канада және Мексикаға баратын қазақстандықтардың нақты саны әзірге белгісіз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазір нақты қанша қазақстандықтың виза алып, футбол чемпионатына баратынын айту қиын. Сондай-ақ АҚШ, Канада немесе Мексикада түрлі мақсатпен жүрген отандастарымыздың қаншасы матчтарға қатысатыны туралы да нақты дерек жоқ, – деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев ведомствода өткен баспасөз брифингінде.

СІМ өкілінің айтуынша, Қазақстанда футболға қызығушылық жоғары болғандықтан, әлем чемпионаты матчтарына баратын азаматтар саны аз болмайды деп күтіліп отыр.

Біз Қазақстанда футболға қызығушылық жоғары екенін жақсы білеміз. Сондықтан чемпионат матчтарына баратын азаматтарымыз аз болмайды деп болжап отырмыз. Осыған байланысты алдын ала ескерту жасап, тиісті ұсынымдарымызды беріп жатырмыз, – деді ол.

Министрлік азаматтарды қауіпсіздік талаптарын сақтап, сапарды алдын ала жоспарлауға және барлық ұйымдастыру мәселесіне мұқият қарауға шақырды.

Өкінішке қарай, нақты статистика жүргізілмейді, себебі біз турнир ұйымдастырушылары емеспіз. Дегенмен, Қазақстан азаматтарының қатысуын бақылап, қажетті консулдық қолдау көрсетуге дайын боламыз, – деді Ерлан Жетібаев.

Еске сала кетейік, Франция астанасы Парижде ПСЖ (Paris Saint-Germain) клубының Чемпиондар лигасындағы жеңісін тойлау кезінде жаппай тәртіпсіздіктер болып, салдарынан 200-ден астам адам зардап шекті. Сонымен қатар бір адам қаза тапты.

Тағы оқи отырыңыз: ӘЧ-2026: СІМ футбол жанкүйерлеріне маңызды мәлімдеме жасады