Бүгiн 2026, 08:11 Фото: instagram.com/FIFAWorldCup

Футболдан әлем чемпионаты: Бүгінгі ойындар нәтижесі

Бүгін Канада мен Босния және Герцеговина, АҚШ пен Парагвай құрамалары кездесті.

Бүгін 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңінде Канада мен Босния және Герцеговина құрамалары тең нәтижеге қол жеткізді. В тобындағы кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Босниялықтар 21-минутта Йово Лукичтің голының арқасында алға шықты. Бұл шабуыл «Астана» клубының жартылай қорғаушысы Иван Башич орындаған бұрыштамадан кейін өрбіді.

Алайда екінші таймда канадалықтар таразы басын теңестірді. 78-минутта Кайл Ларин мергендік танытып, өз командасын жеңілістен құтқарып қалды.

Еске салсақ, В тобында Канада мен Босния және Герцеговинадан бөлек Катар және Швейцария құрамалары өнер көрсетеді. Алғашқы турдан кейін Канада мен Босния және Герцеговина бір ұпайдан еншіледі.

Ал D тобындағы алғашқы матчта АҚШ құрамасы Парагвайды 4:1 есебімен жеңді.

Кездесу АҚШ-тың Инглвуд қаласындағы «Соу-Фай» стадионында өтті. Есеп 7-минутта ашылды: Парагвай жартылай қорғаушысы Дамян Бобадилья допты өз қақпасына соғып алды. Кейін Фоларин Балогун екі мәрте мергендік танытып, америкалықтардың басымдығын арттырды.

Екінші таймда Маурисио Парагвай сапынан бір гол соққанымен, Джованни Рейна АҚШ құрамасының төртінші добын енгізіп, матчтың нүктесін қойды.

Осылайша, АҚШ құрамасы әлем чемпионатын сенімді жеңіспен бастап, D тобында алғашқы үш ұпайына қол жеткізді.

Әлем чемпионатының келесі матчында Катар мен Швейцария құрамалары кездеседі. Ойын 14 маусым күні Астана уақытымен сағат 00:00-де басталады.