Бүгiн 2026, 08:11 Фото: instagram.com/fifaworldcup

Футболдан әлем чемпионаты: Бүгін кімдер алаңға шықты

Әлем чемпионатының топтық кезеңдегі ойындары жалғасуда.

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының F тобындағы алғашқы тур матчында Нидерланды мен Жапония құрамалары тең түсті. АҚШ-тың Техас штатындағы «AT&T Stadium» аренасында өткен тартысты кездесу 2:2 есебімен аяқталды.

Алғашқы таймда нидерландтықтар допқа көбірек иелік етіп, ойын тізгінін ұстағанымен, есеп ашылмады.

Екінші тайм басталғаннан кейін көп ұзамай Нидерланды құрамасы алға шықты. 51-минутта команда капитаны Вирджил ван Дайк айып алаңына бағытталған пасты баспен дәл аяқтап, есеп ашты.

Алайда жапондықтар көп күттірмей жауап қайтарды. 57-минутта Кейто Накамура қорғаушылардың қателігін тиімді пайдаланып, есепті теңестірді.

64-минутта Нидерланды қайтадан алға шықты. Крисенсио Саммервилл қапталдан допты алып шығып, айып алаңының сыртынан дәл соққы жасап, командасын тағы да алға шығарды.

Кездесудің соңғы минуттарында Жапония құрамасы жеңілістен құтылып кетті. 89-минутта бұрыштамадан кейін туған қарбаласта Дайчи Камаданың қатысуымен доп қақпа торына еніп, есеп 2:2 болды.

Осылайша, қос команда да әлем чемпионатын бір ұпаймен бастады. Нидерланды жеңіске бір қадам қалғанда ұпай жоғалтса, Жапония мінез көрсетіп, маңызды нәтижеге қол жеткізді. Матч нәтижесінде екі құрама да F тобындағы алғашқы ұпайларын еншіледі.

Сонымен қатар,  топтық кезеңдегі матчта Кот-д’Ивуар құрамасы Эквадорды 1:0 есебімен жеңіп, маңызды үш ұпайға қол жеткізді.

Кездесудің тағдырын матчтың 90-минутында соғылған жалғыз гол шешті. «Манчестер Юнайтед» клубының вингері Амад Диалло Вильфрид Сингоның қарқынды шабуылынан кейін допты дәл бағыттап, командасына жеңіс әкелді. Осылайша Эквадор құрамасының екі жылға жуық уақытқа созылған 19 матчтық жеңіліссіз сериясы үзілді.

Бұл нәтиже Кот-д’Ивуар құрамасының Е тобынан шығу мүмкіндігін айтарлықтай арттырды. Команда келесі ойынын 20 маусымда Германия құрамасына қарсы өткізеді. Ал Эквадор 21 маусымда Кюрасаомен кездеседі.

Кот-д’Ивуар әлем чемпионатына 12 жылдан кейін қайта оралып отыр. Африкалық ұжым енді өз тарихында алғаш рет мундиальдің плей-офф кезеңіне жолдама алуға жақын тұр.

Ал топтық кезеңдегі алғашқы матчында Швеция құрамасы Тунисті 5:1 есебімен ойсырата жеңді. Шведтер ойын тізгінін алғашқы минуттардан-ақ өз қолына алып, жетінші минутта есеп ашты. Гол авторы – Ясин Айяри. Бірінші таймның ортасына қарай Александр Исак есеп айырмасын ұлғайтып, командасын 2:0 есебімен алға шығарды.

Екінші таймда да скандинавиялықтар шабуыл қарқынын бәсеңдеткен жоқ. 59-минутта Виктор Дьёкереш мергендігімен көзге түссе, 86-минутта Маттиас Сванберг төртінші голды соқты. Қосымша уақытта Ясин Айяри матчтағы екінші голын енгізіп, кездесудің нүктесін қойды.

Тунис құрамасы сапынан жалғыз голды Омар Рекик соқты. Алайда бұл нәтиже ойын тағдырына әсер ете алмады.

Осылайша, Грэм Поттер жаттықтыратын Швеция құрамасы әлем чемпионатын сенімді жеңіспен бастап, F тобындағы алғашқы үш ұпайын қоржынға салды. Ал Сабри Лямушидің шәкірттері турнирді жеңіліспен бастауға мәжбүр болды.

Топтағы келесі матчтарын шведтер 20 маусым күні Нидерландыға қарсы өткізсе, Тунис құрамасы 21 маусымда Жапониямен кездеседі.