Футболдан әлем чемпионаты: Англия мен Аргентина жартылай финалда
Англия мен Аргентина арасындағы кездесу 15 шілдеде Атлантада өтеді.
Әлем чемпионатының жартылай финалына шыққан төрт команда анықталды. Англия мен Аргентина соңғы ширек финалдық кездесулерде жеңіске жетіп, Франция мен Испанияға қосылды. Енді жанкүйерлерді финал жолдамасы сарапқа салынатын тартысты жартылай финалдар күтіп тұр.
Англия құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының ширек финалында Норвегияны қосымша уақытта 2:1 есебімен жеңіп, жартылай финалға шықты.
Матчтың 36-минутында Андреас Шельдеруп норвегиялықтарды алға шығарғанымен, бірінші таймға қосылған уақытта Джуд Беллингем есепті теңестірді. Қосымша уақыттың басында Беллингем тағы бір гол соғып, Англияға жеңіс сыйлады. Осылайша Томас Тухель шәкірттері әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды.
Ал Аргентина Канзас-Ситиде өткен ширек финалда Швейцарияны 3:1 есебімен тізе бүктірді. Кездесудің 10-минутында Лионель Мессидің бұрыштамадан асырған добынан кейін Алексис Макаллистер есеп ашты. Екінші таймда Дан Ндойе таразы басын теңестіргенімен, кейін Брель Эмболо екінші сары қағаз алып, алаңнан қуылды.
Артықшылыққа ие болған Аргентина қосымша уақытта жеңісті жұлып алды. 112-минутта Хулиан Альварес командасын қайтадан алға шығарса, матчтың соңғы минуттарында Лаутаро Мартинес қорытынды есепті белгіледі – 3:1.
Осылайша әлем чемпионатының жартылай финалдық жұптары толық анықталды. Бірінші жартылай финалда Франция мен Испания кездессе, екінші жартылай финалда Англия мен Аргентина финал жолдамасын сарапқа салады. Англия мен Аргентина арасындағы кездесу 15 шілдеде Атлантада өтеді.