Футбол клубтарын коммерцияландыруға салынған инвестиция 55 млрд теңгеден асты
Қазақстандағы футбол клубтарын коммерцияландыруға салынған инвестициялар 55 млрд теңгеден асты. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда жеті футбол клубы коммерцияланды («Қайсар», «Қызылжар», «Жеңіс», «Шахтер», «Ақтөбе», «Елімай» және «Тараз»). Тартылған инвестициялар көлемі 55 млрд теңгеден асады, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, «Оқжетпес», «Тобыл», «Астана», «Атырау» және «Ертіс» футбол клубтары бойынша әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Алайда кейбір аймақтарда жұмыс жеткілікті қарқында жүргізілмей отыр.
Сонымен қатар «Ордабасы» (Шымкент), «Алтай» (ШҚО), «Жетісу» (Жетісу облысы), «Каспий» (Маңғыстау облысы), «Ұлытау» (Ұлытау облысы), «Тұран» (Түркістан облысы) және «Жайық» (БҚО) клубтары қазіргі таңда осы жұмысты баяу жүргізіп жатыр. Президенттің тапсырмасына сәйкес, бұл жұмысты ағымдағы жылдың наурызына дейін аяқтау қажет, – деді вице-министр.