Футбол федерациясы: "Қайраттың" Чемпиондар лигасындағы матч билеттері тым қымбат болды

Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория "Қайрат" футбол клубының Чемпиондар лигасындағы үй матчтарына арналған билеттер құнына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, федерация бұл бағаларды жоғары деп санайтынын айтты.

Біз футбол федерациясы ретінде өз ұсыныстарымызды айттық. Бұл баға өте қымбат болды деп есептейміз. Бірақ клубтың баға саясатын клубтың өзі белгілейді, сондықтан бағаларды реттеуге бізде нақты тетік жоқ. Дегенмен, әрине, бұл қымбат екенін түсінеміз, – деді Лория Үкіметтің кулуарында берген сұхбатында.

Журналист «қандай баға қолайлы?» деп сұрағанда, Лория былай жауап берді.

УЕФА бекіткен стандартты бағалар бар. Мысалы, Миландағы қонақ секторына біздің жанкүйерлер үшін билет шамамен 7 мың теңге тұрады. Яғни 7 мың теңгеден жоғары болса – бұл қалыпты, қолайлы баға. Мұндай бағамен адам қуана-қуана футболға барады. Ал баға бұдан әлдеқайда жоғары болса, жанкүйер үшін ауыр, - деді ол.

"Болашақта билеттер құнын реттеу мүмкін бе?" деген сұраққа жауап бере отырып, Давид Лория бұл жағдайдың алғаш рет кездескенін атап өтті. Оның айтуынша, кейінгі матчтарда бағалар төмендеп, жанкүйерлерге анағұрлым қолайлы боларына үміт бар.

Еске салайық, "Қайраттың" ойынына билет бағасы 30 мың мен 250 мың теңгенің арасында сатылған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ коллажы
Өзгелердің жаңалығы