Жағажай футболынан Еуразия лигасы Қазақстанда басталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жағажай футболынан клубтар арасындағы Еуразия лигасы Қазақстанда басталады. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі мәлім етті. 

Футбол үйінде ұйымдастырылған видеоконференция арқылы Қазақстан футбол федерациясының жағажай футболына жауапты қызметкерлері мен жағажай футболынан Қазақстан чемпионаты мен кубогының, сонымен қатар, Еуразия лигасының қатысушылары пікір алмасты. Конференцияға Еуразия жағажай лигасының тұрақты қатысушысы павлодарлық "Арман" командасының жетекшісі әрі бас бапкері Болат Әленов және ресейлік клубтардың өкілдері, Қырғызстан жағажай футболы федерациясының президенті қатысты, - делінген хабарламада. 

Конференция барысында лиганың ұйымдастыру жұмыстары талқыланды. Шешім бойынша Еуразия лигасының алғашқы туры Павлодарда, екінші туры Ресейдің Новосібір қаласында, ал үшінші туры Қырғыз жерінде өтетін болды. 

Әрі қарай онлайн конференция жағажай футболынан Қазақстан Чемпионаты мен Кубогында сынға түсетін командалардың өкілдерінің қатысуымен жалғасын тапты. Биыл ел чемпионатына павлодарлық "Арман", "Қапшағай" (Қапшағай), шымкенттік екі ұжым, сонымен қатар Алматы облысының "Малайсары" командасы қатыспақ. Ал, кубок ойындарында бағын сынауға Шымкент қаласынан екі әуесқой команда ниет білдірді, - деді баспасөз қызметі.

Айта кетейік, павлодарлық "Арман" командасы Еуразия лигасының 2017 жылы қола, 2016, 2018, 2019 жылдары күміс жүлдегері атанған болатын. Сондай-ақ жағажай футболынан Қазақстанның 11 дүркін чемпионы және 7 мәрте Қазақстан Кубогының, 2 мәрте Суперкубогының иегері.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы