Fulbright түлектері ауыл мұғалімдеріне біліктілік семинарын бастады
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте Түркістан облысы ауылдарының ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған кәсіби біліктілік семинары басталды. Аталған семинарда Fulbright бағдарламасының түлектері өңірдегі ауыл мектептерінің мұғалімдеріне оқытудың жаңа әдістемесін үйретеді. Ал семинар қатысушылары өз кезегінде оқушыларына және әріптестеріне ағылшын тілін үйретудің заманауи әдіс-тәсілдерін таратады.
Семинарды АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық өкілдігі Fulbright Қазақстан Ассоциациясымен бірлесіп ұйымдастырды. The Professional Training for Rural Teachers жобасын Қазақстанның шалғай өңірлерінде қызмет ететін ағылшын тілі оқытушыларына аса қажет қолдау-көмек көрсету мақсатында Қазақстандағы Fulbright бағдарламасының түлектері дайындап, іске асырып жатыр.
6 маусымға дейін созылатын төрт күндік кәсіби біліктілік семинарының мақсаты – ауылды жерлердегі ағылшын тілі оқытушыларына қол жете бермейтін кәсіби ақпаратты беру, жаңа оқыту үрдістерін үйрету, сол арқылы өңірдегі ағылшын тілін білу деңгейін арттыру.
Жоба директоры әрі Fulbright бағдарламасының түлегі Светлана Жаңабаеваның айтуынша, ағылшын тілін оқыту – Орталық Азияда да, бүкіл әлемде де өркендеп келе жатқан тақырып. Ағылшын тілі оқытушыларынан маман ретінде жоғары деңгейдегі біліктілік пен тәжірибелерін көрсету талап етіледі.
«Біз The Professional Training for Rural Teachers жобасына Түркістан және Павлодар облыстарының ауыл мектептеріндегі ағылшын тілі мұғалімдерін қатыстырамыз. Бұл екі облысты таңдап алуымызға біріншісінің халықтың тығыз қоныстануы, ал екіншісінің халық санының аздығы себеп болды. Бүгінгі семинарымызға Түркістан облысынан барлығы 28 мектеп мұғалімі қатысып жатыр. Барлығы да ауыл мектептерінде ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. Бұған дейін мұғалімдер арасында іріктеу кезеңі жүрді. Ең алдымен бес тақырыптың біріне эссе жазу тапсырмасы берілді. Содан кейін ағылшын тілінде әңгімелестік. Мейлінше ағылшын тіліне жетік мұғалімдерді таңдауға тырыстық. Өйткені, мұндағы оқудың барлығы ағылшын тілінде өтеді», - дейді Светлана Жаңабаева.
АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығының атынан семинардың ашылуына БАҚ, мәдениет және білім бөлімінің жетекшісі Шэннон Хилл ханым қатысты. Айтуынша, ағылшын тілін оқыту – АҚШ Дипломатиялық өкілдігінің Қазақстанда атқаратын жұмысының басым бағыттарының бірі. Ауыл мұғалімдеріне арналған семинар – ағылшын тілі мамандарына АҚШ дипломатиялық өкілдігі жылдар бойы көрсетіп келе жатқан қолдаудың бір мысалы екен.
Айта кетсек, Fulbright бағдарламасының аясында Қазақстанға АҚШ-тан осы күні бес ағылшын тілі оқытушысы келіп, жұмыс жасап жатыр. Олар Шымкентте өтетін семинарда жергілікті әріптестеріне ағылшын тілін оқытудағы жаңа теориялық бағыттарды, мұғалімдердің кәсіби дамуына қандай мүмкіндіктер бар екенін, сондай-ақ жаңа технологиялар мен баяндау немесе storytelling-ді оқыту құралы ретінде қолдану жолдарын үйретіп жатыр.
АҚШ-та жұмыс жасап көрген Fulbright бағдарламасының қазақстандық түлектерімен, атап айтқанда Мадина Галиева, Бегайым Әділханова сынды мамандармен бірлесіп, Fulbright аясында алған тәжірибелері мен білімдерін Түркістан облысындағы әріптестеріне барынша жеткізеді екен.
Айта кетсек, Fulbright English Teaching Assistants немесе Fulbright ETA бағдарламасы АҚШ университеттерін жақында бітірген ағылшын тілі мұғалімдерін әлемнің түрлі елінің мектеп-университеттеріне ағылшын тілін оқыту үшін жібереді. Ал Fulbright Foreign Language Teaching Assistants немесе Fulbright FLTA бағдарламасы керісінше, әлемнің түкпір-түкпірінен келген жас мамандарды шет тілін оқыту үшін АҚШ-қа шақырады. Қазақстаннан барған мамандар АҚШ-тың оқу орындарында қазақ тілін оқытады.