Фукуда: Елбасы Азия мемлекеттеріне үлгі бола алатын «дамудың қазақстандық моделінің» авторы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Токиода ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «дөңгелек үстел» өткізілді. Іс-шараға Жапонияның бұрынғы Премьер-министрі Ясуо Фукуда, Гои бейбітшілік қорының Президенті Хироо Сайонджи, Токио Ұлттық музейінің директоры Масами Дзения және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінен хабарлады.Ясуо Фукуда Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 және 2016 жылдары Жапонияға жасаған ресми сапарлары аясында өткізген келіссөздерін жылы ықыласпен еске алып, олардың маңызды практикалық күн тәртібімен толықтырылған Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықтың дамуына күшті серпін бергенін атап өтті. Дәл осы 2008 жылғы сапар барысында, Фукуда Премьер-министр лауазымында болған кезде, Назарбаев Жапонияның жоғары мемлекеттік наградасы - Үлкен лентадағы Хризантема орденімен марапатталған болатын.
Жапон саясаткерінің пікірінше, Елбасы кейбір Азия мемлекетіне үлгі бола алатын «дамудың қазақстандық моделінің» авторы.
Сайонджи Елбасының ядролық қарусызданудағы рөлін, сондай-ақ ядролық сынақтарға тыйым салу саласындағы Қазақстан мен Жапонияның жемісті ынтымақтастығын ерекше атап көрсетті. Ол бұл күш-жігердің бүгінгі күні де өзекті екенін баса айтты және ядролық қарусыз әлем құрудағы ерекше көшбасшылығы үшін Назарбаевтың 2016 жылы Гои қорының бейбітшілік мәдениеті жөніндегі арнаулы сыйлығына ие болғанын еске сала кетті.
Іс-шара барысында Дзения Токио ұлттық музейі Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған бірлескен іс-шараларды іске асыруға дайын екендігін білдірді. Өз кезегінде елші Ерлан Баударбек-Қожатаев Елбасының жаһандық бастамалары жөнінде айтып, қонақтарды Қазақстанның қазіргі даму басымдықтарымен, оның ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың қыркүйегінде жариялаған жаңа экономикалық бағдарымен таныстырды, - делінген хабарламада.