Фрилансерлерді идеясы асырайды – шетелдік сарапшы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Фрилансер болу үшін идеяларыңыз мықты болу керек. Ол сізге жұмыс пен табыс әкеледі.  Бұл туралы ұлыбритаиялық фрилансер журналист Дженни Климан Алматыда өтіп жатқан XVI Еуразия медиа форумында айтты. 

“Фрилансер болу міндетті ме?” деген баяндамасында ол фрилансерлік жұмысты енді бастап жатқанда нені ескеру қажеттігін айтты. 

“Алғаш фрилансер болып  жұмыс істегенде сіздің идеяларыңыз сізге жұмыс береді. Өйткені сіздің беделіңіз жоқ, сондықтан идеяларыңыз өзіңізге жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Яғни идеяңыз сіздің валютаңыз болады. Осыдан 15 жыл бұрын маған еш жұмыс өздігінен келмеді, ол үшін жүгіруге тура келді. Мекемелерге хабарласып, сіздер жайлы журналдарға мақала шығарғым келеді деп өзім хабарластым”, - дейді ол. 

Сонымен қатар,  ол әрдайым әлеуметтік желіні бақылап, олармен жұмыс істей білуіңіз қажеттігін жеткізді. 

“Мақала жазатын салаңызды, бағытыңызды нақтылаңыз және сол бойынша жазып жүрсеңіз сізге тапсырыс беретін адамдар да тез табылады. Әрқашан алдыға ұмтылу керек, егер тапсырыс беруші “жоқ” деп жауап берсе онымен тоқтап қалмай, бұрынғыдан да жақсы жұмыс істеп, өзіңізді жетілдіре түсіңіз”, - дейді фрилансер  журналист. 

Сондай-ақ,  ол әлеуметтік желілерде немесе сайтыңызда өзіңіз туралы жақсы мағлұмат беру қажеттігін айтады. 

“Жұмыстарыңызды үнемі жариялап отырыңыз. Сізге тек өз еліңізде ғана емес, шетелден де тапсырыс беруі мүмкін,  сондықтан бұл тапсырыс берушілермен тікелей байланысу үшін қажет”, - дейді ол.  

Оның айтуынша, фрилансерлерге төленетін қаражат келісімге, жарияланатын басылымның беделіне қарай шешіледі. 

“Кейбір мақалағы 250 доллар төлеуі мүмкін, сондай-ақ танымал мықты журналға шыққан материал үшін 3 мың долларға дейін төлеп жатады. Алайда бұл кезде бірнеше ай бойы жұмыс істейсіз, яғни мақалаңыз сапалы болу үшін репортаждар жасап, видео түсіруіңіз де мүмкін", - дейді Д. Климан.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы