Фрилансерлер мен жеке кәсіпкерлер БЖЗҚ-ға қаражат сала бастады
Алматы, BAQ.KZ. 2019 жылдың қаңтар айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 253,4 мың салымшыдан, яғни жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерден жалпы сомасы 4,2 млрд теңгеге 768,6 мың жарна келіп түсті. Бұл туралы БЖЗҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Хабарламада айтылғандай, қаңтар айынан бастап бірқатар өзгеріс күшіне енген, мәселен, егер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттардың бір тарабы салық агенті, яғни заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар болатын болса, онда олар фрилансерлер үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлейтін агентке айналады. Бұл ретте жарналар жеке тұлғаның алатын табысының 10% мөлшерінде, бірақ тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 10%-ынан кем емес және 50 еселенген мөлшерінің 10% жоғары емес мөлшерде белгіленеді.
Бұл ретте жарналарды есептеу үшін алынатын ең жоғары жиынтық жылдық табыс республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінің 12 еселенген сомасынан аспауы тиіс.
«Егер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар салық агенті болып табылмайтын жеке тұлғалармен жасалса, онда фрилансерлер жарна төлеуге тек құқылы болады. Бірақ міндетті емес. Дегенмен жеке тұлға бұл жарналарды өзінің ұйғаруымен Қордағы жеке шотына аудара алады. Бұл үшін ол жарналарды банктер немесе Қазпошта арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына төлейді. Әрі қарай корпорация жарналарды Қорға аударады. Егер фрилансер өзінің осы құқығын пайдаланса, бұл оның жеке зейнетақы капиталын қалыптастыруына оң әсер ететін болады», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін азаматтар әрі азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жеке тұлғалардың тапсырысын орындайтын болса, онда олар азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жарна төлеуден босатылады. Бұл жағдайда міндетті зейнетақы жарналарын салық агенті болып табылатын жұмыс беруші ғана төлейді.