Фридрих Мерц – Германияның жаңа канцлері
Германияда 2025 жылдың 6 мамырында Фридрих Мерц елдің жаңа федералды канцлері болып тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ DW басылымына сілтеме жасап.
Ресми рәсім Берлиндегі Bellevue сарайында өтті, онда Германия президенті Фрэнк-Вальтер Штайнмайер Мерцке ресми хат тапсырып, оның канцлер лауазымына тағайындалғанын жариялады.
Бұған дейін Бундестагтағы дауыс беру барысында Мерц екінші әрекетте 316 дауыс жинап, үкімет басшысы лауазымына сайланды. Бірінші дауыс беру сәтсіз аяқталып, ол тек 310 дауыс алған болатын. Бұл – Германия тарихындағы осындай алғашқы жағдай.
Фридрих Мерц Христиан-демократиялық одақ (ХДС) пен Христиан-әлеуметтік одақ (ХСС) атынан ұсынылды және Германияның Социал-демократиялық партиясымен (SPD) коалиция құру туралы келісімге келді. Бұл саяси бірлестік дәстүрлі түстеріне байланысты «қара-қызыл» коалиция деп аталады.
23 ақпанда өткен Бундестаг сайлауында ХДС/ХСС 28,6 пайыз дауыс жинап бірінші орынға шықты. Екінші орынды 20,8 пайыз алған ультраоңшыл «Германияға балама» партиясы иеленді. SPD 16,4 пайыз нәтижемен үшінші орынға тұрақтады. «Жасылдар» партиясы 11,6 пайыз дауыс алды.
Мерц Германия тарихындағы оныншы канцлер атанды және ол бұрынғы үкімет басшысы Олаф Шольцтің орнын басты. Оның жаңа үкіметі елдің ішкі тұрақтылығы мен сыртқы саяси бағытына жаңа өзгерістер енгізуі мүмкін.