Алматы облысында қатты қалдықтардың екі полигоны салынады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлемдік тәжірибесі бар франциялық компания Алматы облысында қатты қалдықтарға арналған екі заманауи полигон салады. Полигондар Талдықорған және Алматы өңірлерінде орналастырылады. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталов компания өкілдерімен кездесуінде айтты, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Француз компаниясының вице-президенті Тимоти Каржильдің айтуынша, компания полигонды барлық экологиялық талаптарды сақтай отырып салады, яғни фильтраттың жерге сіңбеуіне, оның жер асты суларын уламауына, ауаға зиянды заттарды шығармауға баса назар аударады. Бұл ретте компания қалдықтарды өңдей отырып, мемлекет пен компания үшін энергияның көптеген түрлерін, соның ішінде биогаз, тыңайтқыш та шығарады. Қалдықтарды пен қоқыстарды өңдеуге және энергияға айналдыруға болатын қалдықтар, сонымен бірге өңдеуге келмейтін қалдықтар деп екі топқа бөлінеді.
Сонымен қатар, өңдеуге келмейтін қалдықтарды жағу процесін да атқарады, бұл орайда міндетті түрде түтінді тазалау, одан әрі пайдалы энергия өндіру де қарастырылады.
Француз компаниясы мұндай технологияда әлемде көшбасшы саналады, өз қызметін 80 елде ұсынып отыр. Олар әлем бойынша 100 тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салған.
"Бірінші полигонды Талдықорғандағы полигон базасында орналастырамыз. Сіздермен бірге бұл полигонға облыс орталығына жақын аудандардан, Текелі қаласы мен Талдықорғанның өзінен қалдық тасымалдау мәселесін ұйымдастырамыз. Сөйтіп, жылына 150 мың тоннаға жуық қалдық жинақталады. Екінші полигонды Алматы қаласына жақын маңнан салу керек. Бұл жаңа полигон болады. Оны халқы тығыз орналасқан Еңбекшіқазақ ауданынан салуды ұсынамын. Осы полигонға Талғар ауданынан, Алматы қаласы мен Іле ауданының бірқатар бөлігінен қоқыс жеткізілетін болады. Сіздермен бірге нақты іске кірісу үшін біз жұмыс тобын құрамыз. Сіздер "Step by Step" технологиясы бойынша осы жобаның барлық тұстарын пысықтасаңыздар, біз өздеріңізбен бірлесіп жақын күндерде жобаны жүзеге асыру жұмыстарын бастаймыз", - деді Амандық Баталов.
Өз кезегінде компания өкілдері артылған сенім үшін ризашылықтарын жеткізіп, жобаны іске асырудың дайындық жұмысы сапалы болады деп сендірді.