Францияның экс-президенті Саркози 21 қазанда түрмеде жазасын өтей бастайды

Францияның бұрынғы президенті Николя Саркози 21 қазанда Париждегі Санте түрмесінде жазасын өтей бастайды, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.

25 қыркүйекте Париж соты Саркозиді 2007 жылғы сайлау науқанын Ливия тарапынан заңсыз қаржыландыру ісі бойынша кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырған болатын. Тергеу деректеріне сәйкес, Ливияның сол кездегі басшысы Муаммар Каддафи Саркозидің сайлауалды кампаниясын қолдау үшін шамамен 50 миллион еуро бөлген.

Францияның қаржы прокуратурасы хабарлағандай, экс-президент осал адамдарға арналған арнайы бөлімде, тоғыз шаршы метрлік жеке камерада болады. Оған аптасына үш рет кездесу ұйымдастыруға және тек құқық қорғау органдары бекіткен нөмірлерге телефон шалуға рұқсат етіледі.

Егер Саркози нақты қамауда отырса, ол соғыстан кейінгі кезеңде түрмеге түскен алғашқы Франция көшбасшысы әрі Еуропалық Одақ елдерінің ішіндегі бірінші бұрынғы президент болмақ. 70 жастан асқан Саркози жазаны жеңілдету туралы өтініш бере алады. Мұндай жағдайда ол түрмеде емес, электронды білезікпен үй қамауында жазасын өтеуі мүмкін.

Айта кетейік, Саркози бұған дейін де сыбайлас жемқорлық және ықпал саудасы істері бойынша сотталған. 2024 жылдың желтоқсанында Париждің кассациялық соты апелляцияны қанағаттандырмай, бұрынғы шешімді күшінде қалдырған еді.

Бұл іс саясаткердің L’Oreal компаниясының иесі Лилиан Беттанкур ісіне араласуға тырысқаны және 2007 жылғы сайлау науқанына заңсыз қаржы тартқаны туралы айыптармен байланысты болды.

Маусым айында Франция билігі Саркозиді «Құрметті легион» және «Еңбегі үшін» ордендерінен айырды. Мұндай шешім 1945 жылдан бері алғаш рет қабылданып отыр. Алайда қазіргі президент Эммануэль Макрон экс-президенттен бұл марапаттарды алуға қарсы екенін мәлімдеген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: AP Photo / Thibault Camus
Өзгелердің жаңалығы