Бүгiн 2026, 01:19 Фото: magnific.com

Франциядағы мұражайдан бірнеше миллион еуро тұратын жәдігерлер ұрланды

Алдын ала мәлімет бойынша, қауіпсіздік жүйесінің дабылы іске қосылғанымен, күзет қызметі оқиға орнына дер кезінде келмеген.

Францияның Эльзас өңіріндегі Lalique мұражайында ірі ұрлық жасалып, құны бірнеше миллион еуроға бағаланатын зергерлік бұйымдар қолды болды. Қазір оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.

Le Parisien басылымының мәліметінше, қылмыскерлер мұражайға өте қысқа уақыт ішінде кіріп, есікті бұзып, зергерлік бұйымдар қойылған алты витринаны сындырған. Олар Рене Лалик пен оның отбасы мүшелерінің туындылары сақталған экспозициядан шамамен 20 зергерлік бұйымды алып кеткен.

Алдын ала мәлімет бойынша, қауіпсіздік жүйесінің дабылы іске қосылғанымен, күзет қызметі оқиға орнына дер кезінде келмеген. Мұражайдағы ұрлықты алғаш болып жұмысқа келген тазалық қызметкері байқап, полицияға хабар берген.

Мұражай қызметкерлері жоғалған экспонаттарды анықтағанымен, олардың нақты тізімі әзірге жарияланған жоқ. Алдын ала бағалау бойынша, келтірілген шығын бірнеше миллион еуроны, шамамен 4 миллион еуроны құрауы мүмкін.

Қазіргі уақытта полиция бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеп жатыр. Lalique мұражайы қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында алдағы бірнеше күнге келушілер үшін жабылатынын мәлімдеді.