Францияда ыстыққа байланысты алкоголь тұтынуға шектеу енгізілді
Елдің ондаған өңірінде «қызыл» деңгейлі ыстық туралы ескерту жарияланды.
Еуропаның бірқатар елдерін қамтыған қатты аптап ыстық салдарынан Францияда бірқатар алдын алу шаралары енгізілді. Ел билігі кей өңірлерде алкоголь тұтынуға уақытша шектеу қойды. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.
Синоптиктердің болжамына сәйкес, Францияның оңтүстік-батысынан Париж аймағына дейінгі аумақта ауа температурасы 39–41 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Осыған байланысты елдің ондаған өңірінде «қызыл» деңгейлі ыстық туралы ескерту жарияланды.
Германияда да жағдай күрделі: ел аумағы бойынша дерлік ыстыққа байланысты ескертулер беріліп, ауа температурасы 38 градусқа жақындаған. Метеорологтар жоғары температура мен ылғалдылық қатты найзағайларға себеп болуы мүмкін екенін ескертуде.
Испанияда аптап ыстыққа байланысты футбол жанкүйерлеріне арналған Мадридтегі фан-аймақ уақытша жабылды.
Италияда да ыстық ауа райы күнделікті өмірге әсер етуде: тұрғындар көлеңке мен салқын жерлерді паналап, туристік нысандарда ұзын кезектер қалыптасқан.
Мамандардың айтуынша, Еуропада соңғы жылдары аптап ыстық жиілеп, оның салдары денсаулық, экономика және қоғамдық өмірге айтарлықтай әсер етіп отыр.