Францияда Пушкиннің сирек кітаптарын ұрлағандарға жеті жылға дейін түрме жазасы кесілді
Сот айыпталушыларды мәдени мұра нысандарын ұрлады деп таныды.
Францияда сирек кітаптарды ұрлады деп айыпталған Грузияның алты азаматына сот үкімі шықты.
Euronews таратқан мәліметке сүйенсек, тергеу мәліметінше, олар кітапханаларға зерттеуші ретінде кіріп, сирек басылымдарды зерттеген, суретке түсіріп, өлшемдерін алған. Кейін қайта келіп, түпнұсқаларды сапалы көшірмелермен алмастырып отырған.
Ұрланған кітаптардың арасында Александр Пушкиннің, Михаил Лермонтовтың және Николай Гогольдің сирек басылымдары бар. Ең құнды жәдігерлердің бірі – 1825 жылы жарық көрген Пушкиннің «Борис Годунов» поэмасының алғашқы басылымы.
Париждегі Франция ұлттық кітапханасына келтірілген шығын шамамен 770 мың еуроға бағаланған.
Сот алты айыпталушының бәрін кінәлі деп таныды. Оларға 18 ай шартты жаза мен жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ең қатаң жаза 50 жастағы Михаилға берілді. Ол жазасын өтегеннен кейін Франция аумағына өмір бойы кіре алмайды.
Тергеушілер бұл қылмыстар бірнеше Еуропа елін қамтыған кең ауқымды желінің бөлігі болуы мүмкін деп санайды. Осындай ұрлықтар Германияда, Швейцарияда, Чехияда және Балтық елдерінде де тіркелген. Істі тергеуге Europol мен Eurojust қатысқан халықаралық топ жұмылдырылған.
Француз тергеушілері кітап ұрлығы Ресейдің мәдени мұрасын елге қайтару әрекетімен байланысты болуы мүмкін деген нұсқаны да қарастырып жатыр.
Соған қарамастан, ұрланған кітаптардың ешқайсысы әлі табылған жоқ. Франция ұлттық кітапханасы оларды қайтаруға үміттенетінін мәлімдеді.