6 Қараша 2026, 19:52 Фото: istockphoto.com

Францияда мектеп оқушылары мінген автобус аударылды: Екі адам қаза тапты

Францияда мектепке балалар мен жасөспірімдерді тасымалдап бара жатқан қалааралық автобус жолдан шығып кетіп, орға аударылды. Бір кәмелетке толмаған бала мен бір жас жігіт қаза тапты, тағы 16 жолаушы жарақат алды, олардың үшеуінің жағдайы ауыр.

Бұл туралы Эн департаментінің префектурасына сілтеме жасай отырып, AP агенттігі хабарлады. Апат жұма күні таңертең Лионның солтүстік-шығысындағы ауылдық жерде, шағын Лан қалашығының маңында болған.

Оқиға орнында құтқарушылар мен полиция жұмыс істеп жатыр. BFM TV телеарнасының мәліметінше, автобуста жергілікті орта мектептер мен лицейлердің оқушылары болған.

Францияның Көлік министрі Филипп Табаро X әлеуметтік желісінде осы ауыр апат болған жерге бара жатқанын хабарлады.

«Оқушыларымыздың, балаларымыздың осындай жол-көлік апатының құрбаны болғаны – әрдайым жүрекке ауыр тиеді. Менің де, үкіметтің де және бүкіл білім беру қауымдастығының да ойы мен тілегі зардап шеккендердің отбасыларымен бірге», – деді Білім министрі Эдуар Жеффрэ.