Бүгiн 2026, 15:18 Фото: istockphoto.com

Францияда аптап ыстықтан мыңға жуық адам көз жұмды

Елде бірнеше күннен бері жалғасқан аптап ыстық салдарынан қаза тапқандар саны мыңға жуықтады.

Францияда аномальды аптап ыстық салдарынан қаза тапқандар саны мыңға жуықтады. Мұндай алдын ала бағалауды Santé publique France қоғамдық денсаулық сақтау агенттігі ұсынды.

Ведомствоның мәліметінше, жоғары температурадан ең көп зардап шеккендер – 65 жастан асқан адамдар. Мамандар бұл деректердің әзірге алдын ала екенін, сондықтан қаза тапқандар саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтып отыр.

Өлім-жітімнің басым бөлігі тұрғын үйлерде тіркелген. Әсіресе Париж кіретін Иль-де-Франс өңірінде жағдай күрделі болған.

Францияда экстремалды ыстық 11 күн қатарынан сақталып, ауа температурасы +40 градустан асты. Қазір елде күн райы біртіндеп салқындай бастаған. Алайда аптап ыстық толқыны Солтүстік және Орталық Еуропа елдеріне қарай ығысқан.

Жоғары температура адамдардың денсаулығына ғана емес, энергетикалық инфрақұрылымның жұмысына да әсер етті.

Мәселен, Венгрияда Дунай өзеніндегі судың шамадан тыс жылып кетуіне байланысты атом реакторларының бірінде электр энергиясын өндіруді қысқартуға тура келді. Өйткені бұл су реакторды салқындату үшін пайдаланылады.

Осыған ұқсас шаралар Франция мен Швейцариядағы бірнеше атом электр станциясында да қабылданды. Онда бірқатар энергоблоктың қуаты төмендетілді немесе уақытша тоқтатылды.

Электр энергиясын өндіру көлемінің қысқаруы Еуропаның бірқатар елінде жарық бағасының өсуіне алып келді.