Францияда Apple компаниясына қарсы сот процесі басталады
Егер компания кінәлі деп танылса, оған 300 мың еуроға дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Apple компаниясы iPhone смартфондарының кейбір модельдерін жөндеуге кедергі келтіріп, құрылғылардың қызмет ету мерзімін әдейі қысқартты деген күдікпен Францияда сотқа тартылады. Төрт күнге жоспарланған сот процесі 2027 жылғы 17 маусымда Парижде басталады, деп хабарлайды Euronews.
Француз прокурорлары америкалық технологиялық алпауытты «жөндеуге және қалпына келтіруге кедергі келтірді» деп айыптап отыр. Іс 2022 жылғы желтоқсанда Stop Planned Obsolescence ұйымы шағым түсіргеннен кейін қозғалған.
Дереккөздің мәліметінше, Apple Distribution International және оның бас компаниясы Apple Inc 2021 жылғы қарашадан 2024 жылғы шілдеге дейін бірқатар iPhone моделін жөндеуге кедергі келтірді деген күдікке ілінген. Олардың қатарында iPhone XS, iPhone 12, 13, 14 және 15 сериялары, сондай-ақ 2022 жылы шыққан iPhone SE бар.
Шағымда Apple бағдарламалық жасақтаманы рұқсат етілмеген сервистік орталықтарда жөнделген құрылғылардың кейбір функциялары істен шығатындай етіп баптағаны айтылған. Мәселен, камераны ресми қызмет көрсету желісінен тыс жерде ауыстырған жағдайда батарея күйін көрсететін функция жұмысын тоқтатып, Face ID жүйесі өшірілуі мүмкін болған.
Егер компания кінәлі деп танылса, оған 300 мың еуроға дейін айыппұл салынып, жылдық табысының 5 пайызына дейін қосымша қаржылық санкция қолданылуы ықтимал. Бұл шамамен 21,7 млрд еуроны құрайды. Сонымен қатар тұтынушылар өтемақы талап етуі мүмкін.
Apple компаниясы AFP агенттігіне берген жауабында өзіне тағылған айыптарды негізсіз деп атап, олармен үзілді-кесілді келіспейтінін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұл ұйымның Apple компаниясына қатысты алғашқы шағымы емес. 2021 жылы компания ескі iPhone құрылғыларының жұмысын баяулатуы мүмкін бағдарламалық жаңартулар туралы пайдаланушыларға тиісті ескерту жасамағаны үшін 25 млн еуро айыппұл төлеуге келіскен.