Франция Трампты Еуропаның одақтасы ретінде мойындаудан бас тартты

Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд Дональд Трамп пен Владимир Зеленскийдің Ақ үйдегі кездесуімен байланысты шуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Олландтың айтуынша, Трамп билікке оралғаннан кейінгі алғашқы апталарында АҚШ, Ресей және Қытай арасындағы жаңа геосаяси теңгерім құруға тырысуда. Бұл жағдайда Еуропа шетте қалып отыр.

Америкалық халық біздің досымыз болып қала береді, бірақ Трамп әкімшілігі енді біздің одақтасымыз емес, – деді Франсуа Олланд Le Monde басылымына берген сұхбатында.

Ақ үйдегі дау

28 ақпанда Дональд Трамп пен Владимир Зеленский Вашингтонда кездесу өткізді. Келіссөз барысында Зеленский АҚШ вице-президенті Джей Ди Венспен сөзге келіп қалды. Кейін пікірталас Трамппен жанжалға ұласып, Украина президенті кездесуді мерзімінен бұрын тастап кетті.

Кездесу қорытындысы бойынша екі тарап та пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі келісімге қол қоя алмады.

Ақ үйдегі даудан кейін Германия, Франция және басқа да Еуропа елдері Украинаға қолдау білдіріп, Трамптың саясатын сынға алды.

Өз кезегінде Зеленский Fox News арнасына берген сұхбатында Трамптан кешірім сұрау жоспарында жоқ екенін айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: depositphotos.com
Өзгелердің жаңалығы