27 Қазан 2026, 16:39 Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Франция Қазақстанға қанша инвестиция салды және тағы қанша қаржы құймақ?

Француз компаниялары Қазақстан экономикасына 12 млрд еуродан астам инвестиция салды.

Францияның Қазақстандағы елшілігі француз компанияларының ел экономикасына қосқан үлесіне арналған «Француз бизнесі Қазақстанда: ұзақ мерзімді үлес» атты зерттеуін жариялады. Зерттеуде екі ел арасындағы сауда көлемі, инвестициялар, жұмыс орындарын құру, мамандар даярлау және өндірісті дамыту мәселелері қамтылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2025 жылы Франция мен Қазақстан арасындағы өзара сауда көлемі 5 млрд еуродан асты. Қазақстанда жұмыс істейтін француз компанияларының жылдық жиынтық айналымы 2 млрд еуродан жоғары. Олардың 80 пайыздан астамы ірі кәсіпорындарға жатады. Француз бизнесінің негізгі қызметі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.

Францияның Қазақстандағы тікелей инвестицияларының жинақталған көлемі 12 млрд еуродан асады. Зерттеуге қатысқан компаниялар соңғы он жылда Қазақстан экономикасына шамамен 2,5 млрд еуро инвестиция салған. Алдағы үш жылда тағы 1,5 млрд еуро инвестиция құюды жоспарлап отыр.

Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гиоже екі елдің экономикалық әріптестігі мұнай мен уран салаларымен ғана шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, француз компаниялары локомотив және сүт өнімдерін өндіруден бастап цемент өнеркәсібі мен энергетикалық нысандарға инвестиция салуға дейінгі түрлі бағытта жұмыс істейді.

Француз компаниялары Қазақстанға ұзақ мерзімді жоспармен келеді. Олар жаңа зауыттар салуға инвестиция құйып, жұмыс орындарын ашады және жас мамандарды оқытады. Басқаша айтқанда, Қазақстанның өнеркәсіптік базасын әртараптандыруға үлес қосады, – деді Франция елшісі.

Сондай-ақ ол франко-қазақстандық техникалық білім беру бағдарламалары аясында шәкіртақы ұсынатын Lumières қорының іске қосылғанын атап өтті. Қордың мақсаты – қазақстандық жастардың Францияда білім алуына мүмкіндік беріп, кейін елге оралып, Қазақстандағы француз кәсіпорындарында жұмыс істеуіне жағдай жасау.

Франция елшілігінің экономикалық қызметінің басшысы Людовик Леа зерттеудің мақсаты ресми статистикадағы сандық көрсеткіштерді француз бизнесінің Қазақстан экономикасына қосқан үлесін сапалық тұрғыдан бағалаумен толықтыру екенін айтты.

Оның сөзінше, француз компаниялары Қазақстанның барлық аумағында жұмыс істеп қана қоймай, елдегі өндірістік қуаттарын жаңа нарықтарға шығу үшін де пайдаланады. Бұл Қазақстан экспортының әртараптануына ықпал етеді. Компаниялардың алдағы үш жылға арналған инвестициялық жоспарлары да Қазақстанның іскерлік ортасына деген сенімді көрсетеді.

Француз компаниялары Қазақстанның барлық өңірінде жұмыс істейді

Зерттеу деректеріне сәйкес, француз бизнесінің Қазақстандағы қызметі біртіндеп жаңа салаларға таралып, бүгінде елдің барлық 17 өңірін қамтиды.

Сауалнамаға қатысқан компаниялардың 42 пайызы Қазақстанда өздерінің өндірістік алаңдары бар екенін көрсеткен. Бұл олардың елдегі өндірісті ұзақ мерзімге дамытуға мүдделі екенін аңғартады.

Француз компанияларының жартысына жуығы Қазақстаннан өнім экспорттайды. Олардың үштен бірі Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі өңірлік қызмет орталығы ретінде қарастырады. Ал төрттен бірі осы жерден Кавказдағы қызметін де үйлестіреді.

Бұл Қазақстанның көршілес нарықтарға шығу және өңірлік өндірістік-өткізу тізбектеріне қосылу үшін маңызды алаң ретіндегі рөлін күшейтеді.

12 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр

Француз компанияларының Қазақстан экономикасына қосқан үлесі жаңа жұмыс орындарын ашудан да көрінеді. Зерттеуге қатысқан кәсіпорындарда 12 мыңнан астам адам еңбек етеді. Алдағы үш жылда олар тағы 1 мыңнан астам жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.

Компаниялар жергілікті мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға да атсалысады. Бұл бағытта жоғары оқу орындарымен, кәсіптік білім беру мекемелерімен және кадр даярлау бағдарламаларымен әріптестік орнатылған.

2026 жылғы мамырда іске қосылған Lumières қоры да жоғары оқу орындары мен бизнес арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Қор аясында қос диплом беретін 17 бағдарлама және француз-қазақстандық жоғары оқу орындары арасындағы 40-тан астам академиялық ынтымақтастық жобасы біріктірілген.

Бұл бастамалар француз компанияларына және Қазақстан экономикасына қажетті мамандар даярлауға ықпал етеді.

Зерттеуде француз компанияларының Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарына да үлес қосатыны атап өтілген. Олар нақты бастамаларды іске асырып, жауапты бизнес жүргізу тәжірибесін енгізіп келеді.

Ұзақ мерзімді инвестициялар, өндірісті дамыту, экологиялық және әлеуметтік жауапкершілік шаралары арқылы француз компаниялары Қазақстан экономикасын әртараптандыруға, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және тұрақты өсімге ықпал етеді.