Франция Қазақстан ғалымдарын білім жетілдіруге шақырып отыр

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов пен Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова бастаған қазақстандық делегация әлемдік топ рейтингтерге кіретін Францияның бірқатар жетекші техникалық жоғары оқу орындарына, инженерлік-техникалық зертханаларға бард.Олар Францияның жоғары білім және ғылыми зерттеулер министрлігінің басшылығымен келіссөз өткізді.

Француз тарапына Қазақстанда жетекші техникалық ЖОО филиалын ашу, бірлескен қос дипломды және білім беру бағдарламаларын құру, қазақстандық ғалымдарды Францияның алдыңғы қатарлы оқу орындары мен ғылыми орталықтарына тағылымдамаға жіберу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Кездесу барысында Политехникалық институттың президенті Эрик Лабай мырзамен тараптар академиялық ұтқырлық және қос дипломды бағдарламалар шеңберінде ынтымақтастық орнату үшін қазақстандық серіктес жоо-ны айқындауға келісті. Француз серіктестері Қазақстан ғалымдары үшін тағылымдамаларды ұйымдастыру бойынша жұмысты бастауға дайын екендігін айтты.

Әрі қарай делегация «Soleil Synchroton» ғылыми зертханасына барды. Келіссөз барысында тараптар бірқатар бағыттар бойынша ынтымақтастық туралы, оның ішінде қазақстандық зерттеушілермен бірлесе жұмыс атқару туралы келісті.

Делегация Францияның «Centralesupélec – Université Paris-Saclay» жетекші жоғары оқу орынында болды. Білім беру директоры, профессор Оливер Жиккел Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлескен ғылыми-техникалық орталық құру бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар ол Қазақстан ғалымдарының Франциядағы тағылымдамаларын ұйымдастыруға үлкен қызығушылық білдірді.

Білім және ғылыми зерттеулер министрлігінің өкілі бас директор Клэр Жири ханым қазақстандық тарап айтқан бастамаларды қолдап, бірлескен жобаларды қарастыруға дайын екенін білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін біз әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен және ҒЗИ-мен, оның ішінде Франциямен техникалық кадрларды даярлау және ғылыми тағылымдамаларды жүзеге асыру бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз. Біз ірі техникалық жоғары оқу орындары мен зертхана өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, жоғары білім мен ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөнінде келісімге келдік, – деп атап өтті вице-министр Талғат Ешенқұлов.

Сондай-ақ кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Францияның жоғары білім беру ұйымдары мен ғылыми орталықтарының форумын өткізу туралы шешім қабылданды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы