22 Шілде 2026, 19:57 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Франция парламенті әлеуметтік желілерді пайдалануды шектейтін заң жобасын қолдады

Шектеулер жаңа оқу жылының басында – 1 қыркүйектен бастап күшіне енуі мүмкін.

Францияда Ұлттық жиналыстың (парламенттің төменгі палатасы) және Сенаттың (парламенттің жоғарғы палатасы) депутаттары 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу туралы заң жобасын қолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ DW-ге сілтеме жасап.

Шектеулер жаңа оқу жылының басында – 1 қыркүйектен бастап күшіне енуі мүмкін. Парламенттің екі палатасы мақұлдағаннан кейін заңға Президент Эммануэль Макрон қол қояды деп күтілуде. Осылайша, Франция Еуропалық одақта бұл шараны бекіткен алғашқы ел атанады.

Заң жобасына сәйкес, 15 жасқа толмаған тұлғаларға әлеуметтік желілерде аккаунт ашуға тыйым салынады. Бұдан бөлек, онлайн-платформаларға 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін осы жас тобындағы кәмелетке толмағандардың қолданыстағы аккаунттарын жою үшін уақыт беріледі.

Сондай-ақ заң жобасы жоғары сыныптарда мобильді телефондарды пайдалануға тыйым салады және әлеуметтік желілерді жеке деректерді қорғау саласындағы француз реттеушісінің талаптарына сәйкес пайдаланушылардың жасын тексеретін деректерді енгізуге міндеттейді.

Атап айтқанда, Еурокомиссияның бастамасымен әзірленген және ЕО-ға мүше бірқатар елдерде тестілеуден өткен қосымша қолданылуы мүмкін.

Заң жобасы Францияның денсаулық сақтау саласын бақылау органы 2025 жылдың желтоқсанындағы есебінде TikTok, Instagram және Snapchat сияқты платформалардың балаларға тигізетін зиянды әсері туралы ескерткеннен кейін пайда болды.

Өзіндік бағалаудың төмендеуі, өзіне зақым келтіру, суицид пен есірткі қолдану жағдайларының артуы ықтимал қауіптер ретінде аталды.

Статистикаға сәйкес, әрбір екінші жасөспірім күніне екі сағаттан бес сағатқа дейін уақытын смартфонда өткізеді, ал 58 пайызы телефонды әлеуметтік желілерге кіру үшін пайдаланады.

Еске салайық, бұған дейін Францияның Ұлттық жиналысы (парламенттің төменгі палатасы) 15 жасқа толмағандардың әлеуметтік желілерге қол жеткізуіне тыйым салуды көздейтін заң жобасын мақұлдады