Франция елге келетіндер үшін коронавирустық шектеулерді алып тастады
Франция үкіметі 1 тамыздан бастап COVID-19 пандемиясына байланысты елге кірген кезде халықаралық саяхатшыларға қолданылатын талаптарды алып тастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Espreso.tv таратқан мәліметке сәйкес, елдің ішкі істер министрлігі республикаға шетелден келгендер үшін толықтай вакцинация немесе COVID-19-ға теріс сынама нәтижесінің болуы міндеттелетін талаптардың күшін жойды.
Осылайша, шекарадағы бақылау жылдамдайды деп отыр.
Пандемияның жаңа сатыға көшуіне байланысты шекаралық санитарлық бақылау жүйесі індетпен күрестегі төтенше жағдайға нүкте қойған.
Бұған дейін ел шекарасынан өткен 12 жастан асқан барлық саяхатшыларға коронавирусқа сынаманың теріс нәтижесін немесе толық вакцинация курсын өткендігі туралы құжатты көрсету міндеттелетін. Егер соңғы вакцинадан соң 9 айдан астам уақыт өтсе, ревакцинация талап етілді.
Алайда Франция үкіметі 2023 жылғы 31 қаңтарға дейін вирустың жаңа нұсқасы таралса, «апатты тоқтату» шараларын қайта іске қосуы мүммкін.