Франшиза & бренд: Нарық заманында франчайзингтің маңызы зор - маман
Кейінгі кездері бренд пен тауар сату саласында "франшиза" сөзін жиі кездестіреміз. Нарық заманында табыс табудағы танымал жүйеге айналған франшиза елімізде де кеңінен дамып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Франшиза деген не? Франчайзингті кімдер қолдана алады? Жүйені қолдану әдісін бұзғандар қылмыстық жауапкершілік арқалай ма? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға Астана қаласы Әділет департаментінің Зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы Әсел Сибагатова жауап берген болатын.
- Әсел Маратқызы, оқырмандарға ең алдымен франчайзинг дегеннің не екендігін түсіндіріп өтсеңіз...
- Франчайзинг дегеніміз – бұл бизнестің жүргізудің бір түрі десек те болады. Яғни бір тарап (франчайзер) екінші тарапқа (франчайзи) өзінің сауда маркасын, өнімдерін немесе қызметтерін, сондай-ақ бизнес-модельді қолдану құқығын ұсынады. Оның ақысына франчайзи бастапқы жарна мен роялти деп аталатын тұрақты төлемді төлейді.
Қарапайым сөзбен айтқанда, адамдар нөлден өзінің бизнесін құрудың орнына дайын өнімді, белгілі брендті қолданып, оның стандарттарын пайдаланып жұмыс істеу құқығын сатып алады. Мәселен, франшиза бойынша McDonald's мейрамханасын ашуы мүмкін.
Бұл ұғымдарды шатастырмау маңызды, франчайзинг – белгілі брендтің туын көтеріп отырған кәсіпкерлік, шарттық қатынастардың түрі, ал франшиза – баяндалған бизнес моделььге ұқсас шарттың объектісі.
Франшиза шартты – франчайзер мен франчайзи арасында қарым-қатынас орнататын заңды құжат.
Азаматтық кодекстің 896-бабына сәйкес кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты бойынша бір тарап (кешенді лицензиар) екінші тарапқа (кешенді лицензиатқа) сыйақы үшін, атап айтқанда, лицензиардың фирмалық атауын және қорғалатын коммерциялық ақпараты, сондай-ақ басқа да айрықша құқықтар объектілерін (тауар таңбасын, қызмет көрсету таңбасын, патентті және т.б) пайдалану құқығын қамтитын айрықша құқықтар кешенін лизензиялық кешен беруге міндеттенеді лицензиаттың кәсіпкерлік қызметінде пайдалану үшін шартта көзделген.
Басқа елде кешенді кәсіпкерлік лицензия франчайзинг шартын жасасқаннан кейін Қазақстан Республикасының аумағында одан әрі пайдалану үшін тауар таңбасын Qazрatent тіркеу міндетті.
- Франчайзингтің мәні неде?
- Франчайзингтің мәні кәсіпкер белгілі брендтің атынан жұмыс істеп, өз бизнесін жүргізіп, дайын бизнес-модельді қолдану мүмкіндігін иеленетіндіктен тәуекелді төмендетіп, кәсібін дөңгелетуді жылдамдататындығында жатыр. Франчайзер өз кезегінде франшизаны сатудан табыс тауып, өз брендін қолданғаны және қолдау көрсеткені үшін тұрақты төлем алып отырады.
Осы орайда, айта кететін жайт, франчайзи біріншіден, брендінің танымалдылығынан; екіншіден, франчайзерге қолдау көрсетуден (оқыту, маркетинг, жеткізу, т.б.); үшіншіден, тексерілген бизнес-модельден ұтады.
Франчайзер өз бизнесін жаңа сауда нүктелерін өздігінен ашпастан кеңейтеді және операциялық тәуекелдермен аз ұшырасады.
- Елімізде франчайзингті қолдану тәртібін бұзғандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған ба?
- Қазақстан Республикасында франчайзинг саласындағы заң бұзушылықтар үшін азаматтық-құқықтық, әкімшілік, тіпті кейбір жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Егер франчайзи немесе франчайзер тауар белгісін, тауар маркасын немесе өзге зияткерлік меншікті қолдану бөлігіндегі келісімшарт талаптарын бұзса, бұл ҚР Қылмыстық кодекске сәйкес қылмыстық жауапкершілікке алып келуі ықтимал. Тауар белгісін заңсыз пайдалану секілді зияткерлік меншік нысандарындағы құқықты бұзу жағдайлары қылмысқа балануы мүмкін.
Франчайзи сәйкес лицензия немесе лицензияны талап ететін салаларда франшиза бойынша бизнес ашқан кезде рұқсат құжатынсыз өзінің кәсіпкерлік қызметін жүргізсе, бұл қылмыстық жауапкершілікке алып келеді.
Әр заң бұзушылық жеке қарастырылады және қылмыстық істі қозғау туралы шешім Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің негізінде қолданылады.
- Осы сала бойынша республикамыздағы алаяқтық туралы деректерден мысал келтіре аласыз ба?
- Қазіргі таңда Қазақстандағы франчайзинг саласындағы алаяқтық бизнестің өзге салаларындағы секілді проблемаға айналып отыр. 2021 жылғы статистикалық деректерге сүйенсек, алаяқтық туралы бап бойынша тіркелген қылмыстық істердің мөлшері оның алдындағы жылмен салыстырғанда 29%-ға артып, 34,8 мың жағдайға жетті. Бұл алаяқтықтың барлық түріне, соның ішінде, франшизамен байланысты алаяқтық істерге қатысты дерек.
- Франшиза саласында ең көп қылмыстық істер қай өңірде көп тіркелген?
- Өңірлерге қатысты тоқталар болсақ, ондай қылмыстардың ең көп деңгейі Алматыда тіркелген.
Франчайзинг саласындағы алаяқтық тәуекелі өзінің бизнес-моделі туралы жалған ақпарат ұсыну немесе келісімшарттың талаптарын орындамау секілді теріс пиғылды франчайзерлермен байланысты. Сондай-ақ франчайзилер уәде етілген қолдауға қол жеткізе алмаған немесе бизнес-модельдің лайықты еместігінен салған қаражаттарын жоғалтып алған жағдайлар да кездеседі.
Десек те, франчайзингтегі алаяқтық туралы нақты статистика аз болғанымен, елімізде алаяқтық қылмыстың жалпы саны күрт санап өсіп келеді. Бұл дегеніміз келісімшарт жасасардың алдында серіктестерді жіті тексеру қажеттігінен хабар береді.
- Елде қалаған адамға франшиза ашу жеңіл ме?
- Елімізде жеке франшизаны іске қосу кәсіпкерлердің кәсіпкерлік қызметтің жаңа кезеңіне айналуы әбден мүмкін. Кәсіпті жүргізудің ондай тәсіліне ауысу үшін жүйенің «әр тетігі» жүйеленген әрі тоқтаусыз жұмыс істейтін дайын кәсіпорынның болуы басты шарт болып саналады. Осы орайда кәсіп иесінің өзі шиеленістік жағдайлар мен бедел тәуекеліне дайын болуға тиіс.
Тағы бір айта кететін жайт, компанияның тауар белгісі мен логотипін тіркеуден өткізбесе, франшизаның көптеген келісімшарты жарамсыз болып қалады. Заң бойынша франшиза иесі оған тиесілі брендпен жұмыс істеуге құқығын сатады.
Франчайзер мен оның әріптесі арасындағы келісімшарт заңды күшіне ену үшін оған қол қойған соң Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне зияткерлік меншік нысанын қолдану үшін құжаттармен бірге жүгінуі керек. Ол үшін франшизаға құқық қандай мақсатта және қанша уақытта берілетіндігі көрсетілетін бірлескен өтініш беріледі. Оны «Қазақстан Республикасы бір терезе» жүйесінде жүзеге асыруға болады.
- Контрафакт тауарларды қалай анықтайсыздар?
- Құқық иелерінің немесе құқық иелерінің өкілдерінің өтініші негізінде олар айқындап, барлық қажетті құжаттармен және дәйекті дәлелдермен өтініш жазады. Одан соң біз тексерісті прокуратура органдарында тіркеп, тексеріс нысанына барамыз.
- Контрафакт тауарларды қалай жоясыздар?
- Контрафакт өнімдерінің қандай материалдан дайындалғанына және оның қайта өңдеуге келе ме, жоқ па, соған қарай жүзеге асырамыз.
- Әдетте контрафакт өнімдердің арасында қандай тауарлар көп кездеседі?
- Мысалы, 22 тамызда Астанада жергілікті бизнесмендерден алынған контрафакт тауарлардың ірі партиясын жойдық. Олардың арасында – 75 қорап кәмпит, 15 жұп құлаққап, iPhone-ға арналған 34 адаптер мен латекстен жасалған стоматологиялық тілімнің 34 қаптамасы бар. Тауарларды қаланың индустриялық аймағындағы арнайы пеште жақтық. Олардың барлығын билік өкілдерінің қатысуымен мөр басылып, одан соң жойылды.
Контрафакт өнімдері әділет департаментінің жоспардан тыс тексерісі барысында анықталды. Алынған тауарлар заңсыз әкелінген немесе қолдан жасалған өнімдер болып шықты. Жалпы сомасы 854 мың теңге болатын 251 өнім бірлігі заңсыз айналымнан алынып тасталды.
Олардың арасында Apple, iPhone, Lightning белгісі бар ұялы телефонға арналған аксессуарлар, Raffaello тауар белгісінің кәмпиттері мен стоматологиялық бұйымдарды атап өткен жөн.
- Осы контрафакт өнімдерін өртемей, мұқтаж жандарға жұмсауға заңдық негіз бар ма?
- Мұндай өнімдерді мұқтаж жандарға немесе балалар үйіне беруге негіз жоқ. Себебі белгісіз өндіріс жағдайында дайындалатындықтан денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін.
- Қазіргі таңда сауда жасаудың ыңғайлы түрінің бірі – түрлі маркетплейстер арқылы қалаған затыңа тапсырыс беру кең таралғаны белгілі. Маркетплейс алаңдарында зияткерлік құқығының бұзылу деректері де қаншалықты көп кездеседі?
- Қазір құқық иеленушілері тарапынан сатушылардың тауар белгілерін қолдану мен олардың келісімінсіз таңбаланған тауар белгілерін маркетплейстерде орналастырып сататын жағдайлар көбейді деп шағым түсіру деректері көбейді.
Маркетплейстер бүгін тауар мен қызметті сатудың ең қарқынды дамыған арналарының біріне айналып келеді. Маркетплейстердің танымалдылығының өсуі осы платформаларда сатылатын контрафактілі және заңсыз өнімдердің көлемінің ұлғаюына әкелді. Контрафакт көбінесе сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкеспейді, сонымен қоса зияткерлік құқығын бұзады. Бұл құқық иеленушілерге зиянын тигізіп, тұтынушылардың бәсекелестігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді.
- Әңгімеңізге рахмет!