Француз инвесторларына Қазақстанның инвестициялық мүмкіндігі таныстырылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері Қазақстан-Француз дөңгелек үстелі мен екі елдің іскерлік кеңесінің отырысы барысында талқыланды.
Іс-шара бейнеконференцбайланыс режимінде өтті.
Аталған іс-шараға 100-ден астам бизнес-қоғамдастықтың өкілдері, екі елдің мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік ұйымдарының басшылары қатысты.
Форум барысында қатысушылар экономиканы жаңа жағдайда дамыту, Қазақстанда бизнес жүргізу және инвестициялар бойынша кең ауқымды мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, спикерлердің сөз сөйлеуі барысында елдің инвестициялық ахуалы, бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары және Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды.
Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында инвестициялық саясатты іске асыру бойынша қосымша шаралар мен басымдықтарды нақты белгілегенін атап өтті. Атап айтқанда, ол жаңа құралды - стратегиялық инвестициялық келісімшартты енгізу туралы жариялады.
Біздің еліміз инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған реформаларды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Үкіметтің кәсіпкерлермен тікелей және ашық диалогы қамтамасыз етілуде және жаңа инвестициялар, ноу-хау және озық технологиялар тарту үшін инфрақұрылым жетілдірілуде. Қазіргі уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша стратегиялық инвестициялық келісім түрінде ірі инвесторлар үшін қосымша қолдау құралын енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы келісім инвесторларға салықтық преференциялар, жеңілдікті қаржыландыру, мемлекет тарапынан кепілдік берілген сатып алу, сондай-ақ экспорттық қолдау түрінде мемлекеттік қолдау шараларының кешенді пакетін ұсынады. Заңнама тұрақтылығының кепілдіктері мен салалық преференциялардың болуын атап өту маңызды, - деді Алмас Айдаров.
Өз кезегінде «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ төрағасы Бауыржан Сартбаев бүгінде Қазақстан Халықаралық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынып отырғанын айтты.
Бүгінгі қиын-қыстау кезеңде инвесторларға барлық қажетті қолдау көрсету біздің басымдығымыз болып табылады. Біздің табиғи артықшылықтарымыз, сондай-ақ Қазақстанда соңғы онжылдықта қалыптасқан мемлекеттік институттар мен инвестициялық климатымыз тұрақты ұзақ мерзімді нәтижені қамтамасыз етіп, дағдарыстың салдарын жұмсартады деп нық сенеміз. Қазақстанда бизнес-бастамалар мен инвестициялық мүмкіндіктерді табысты іске асыру үшін жан-жақты қолдау таба аласыз. KAZAKH INVEST табысқа жету жолында сіздің сенімді серіктес болғаныңызға қуанышты болады, - деді Бауыржан Сартбаев.
Іс-шара барысында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары А.А. Айдаровтың BPifrance Францияның егеменді қоры және инвестициялық банкі, Saint-Gobain құрылыс материалдары мен инновациялық шешімдерінің ірі өндірушісі және Air Liquide ірі өнеркәсіптік тобының басшылығымен B2B кездесулері өткізілді.
Айта кету керек, Франция Қазақстанның негізгі сауда-инвестициялық серіктестерінің тізіміне кіреді. 2010 жылдан бастап Франциядан Қазақстанға ТШИ көлемі шамамен $11 млрд құрады, бүгінде ҚР-да мұнай-газ секторында, машина жасауда, фармацевтикада, көлік және логистикада, энергетикада және басқаларында француз капиталының қатысуымен 166 кәсіпорын тіркелген. Олардың қатарында «Total», «Orano», «Alstom», «Air Liquidе», «Vicat», «Danone», «Soufflet» және т. б. компаниялар бар.