Фоторепортаж: Жас чемпиондар дайындалатын орталық туралы білесіз бе?

Алматыдан 18 шақырым жерде спортшыларға арналған «Олимпиадалық даярлау орталығы» орналасқан. Орталықтың құрамында 9 жабық спорт кешені, жазғы ойын алаңдары бар, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі. 

Аталмыш кешенде 420 орындық қонақ үй, медициналық орталық орналасқан. 

Олимпиадалық даярлау орталығы – ТМД-дағы ең ірі спорт кешендерінің бірі. 

Оның инфрақұрылымы халықаралық стандарттарға сай салынған. 

Ғимараттардың жалпы ауданы – 130 831,45 м2. Спорт нысанында бір уақытта 2 300 спортшы шыныға алады. 

Мұнда спорттың 23 түрі бойынша олимпиадалық резерв пен ұлттық құрама командалары даярланады.

Атлетикалық алаң

Атлетикалық аренаның 200 метрлік айналма жолы және секіру, лақтыру секторы бар. Сондай-ақ оқу-жаттығу үдерісі мен жарыстарды орталықтандырылған түрде өткізу үшін IAAF (WorldAthletics) халықаралық жеңіл атлетика федерациясымен сертификатталған қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған жаттығу залы бар.

Мұз айдыны

Мұз айдыны конькимен сырғанау спортын дамытуға және шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және керлинг бойынша жарыстарды өткізуге арналған.

Көп функциялы ойын бөлмесі

Командалық спорт түрлері – баскетбол, волейбол, гандбол және футзал бойынша жаттығулар мен жарыстарға арналған. Заманауи жабынмен қапталып, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Әуесқойлар мен кәсіпқой командалар үшін де пайдалануға болады.

Гимнастика және ауыр атлетика залы

Гимнастика және ауыр атлетика залында батут, көркем және спорттық гимнастикадан жаттығулар мен жарыстар өткізуге арналған залдар бар. Зілтеміршілер үшін екі жаттығу және бір жарыс аймағы бар. 

Сондай-ақ семсерлесушілердің оқу-жаттығу үдерісіне арналған алаң да қарастырылған.

Күрес залы

Зал күрес, таэквондо, дзюдо және бокстың барлық түрлерін дамытуға арналған.

 Оқу-жаттығу залынан бөлек, барлық залдар халықаралық жарыстарды өткізуге қойылатын талаптарға сай жасалған.

Жүзу бассейні

Кешен су спортына – жүзу, су добы, көркем жүзу және суға секіруден жаттығуға арналған. 

Ғимаратта 10 жолақты 50 метрлік олимпиадалық жүзу бассейні бар, электронды хронометраж жүйесімен және қысқа курстық жарыстарға арналған мобильді платформамен жабдықталған.

 Сондай-ақ мұнаралар мен трамплиндермен жабдықталған жеке сүңгуір алаңы бар.

Жеңіл атлетика стадионы

Жеңіл атлетика бойынша жаттығулар мен жарыстарға арналған, WA Халықаралық федерациясының барлық заманауи талаптарына жауап береді. континенттік деңгейдегі жарыстарға рұқсат беретін 2-сыныпты сертификаты бар. 

Трибуналар 6000 көрерменді сыйдыра алады, бір реттік сыйымдылығы – 150 спортшы.

Ату алаңы

Оқ атудан жаттығулар мен ату жарыстарына арналған. Оның 10 м, 25 м, 50 м 3 жабық атыс тирі және 15 ату жолағы үшін 50 және 100 м бір ашық тирі бар.

Садақ ату алаңы

Садақ ату алаңында әртүрлі ұзындықтағы екі ашық алаң және оның қосалқы ғимаратты қамтитын сыртқы құрылымы бар. Жаттығулар мен жарыстарға арналған.

Ашық жазық спорт нысандары

Бұл заманауи жабыны бар екі волейбол алаңы мен үш баскетбол алаңынан тұратын кешен, оқу-жаттығу үдерісіне сай толықтай жабдықталған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы