ФОТОРЕПОРТАЖ. Орталық Азиядағы ең үлкен граффити қабырға

Алматыда ұзындығы 420 метр болатын қабырға суреті жайлы естуіңіз бар ма? Граффитті бояумен 80 суретші айналысқан. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі өнер галереясын аралап шығуды жөн көрді.

Терренкурдың қараусыз қалған бөлігі өнер галереясына айналған. Мұнда асфальт төселіп, қала тұрғындары тротуармен серуендеу үшін кеңейтілген. 

Еске сала кетейік, өнер галереясы Достық даңғылынан Есентай өзеніне дейінгі Оспанов көшесіндегі Терренкур учаскесінде орналасқан. 

Медеу ауданының тұрғыны ретінде қараусыз жердің жаңарғанына қуаныштымын. Бұл маңайда күнде серуендейміз. Таулы аймаққа жақын болғандықтан, туристерді жиі кездестіреміз. Сол себептен осындай ерекше нысандардың бой көтеруін құп көремін. Бейнеленген суреттерден ерекшелікті байқауға болады. Бұл, бір жағынан, адамға қуаныш, шабыт сыйлайды. Болашақта қараусыз қалған жерлерді осылай сәндесе жақсы болар еді, - дейді Дос Орынбекұлы есімді қала тұрғыны.

Ұзындығы 420 метр болатын бұл үлкен кенепте ондаған композиция бейнеленген. 

Қабырғаны бояумен 80 суретші айналысқан. 

Барлық сюжет бір қарағанда әртүрлі болып көрінгенімен, оларды біріктіретін нәрсе бар.

Жобаның идеясы – ол қазақ әліпбиін бейнелейді. Суретшілердің әрқайсысы өзіне белгілі бір әріпті таңдап, оған сүйене отырып, өз суретін жасады. Медеу ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен танымал Repas тобының стрит-шеберлері қараусыз қалған учаскені ашық аспан астындағы көркем сурет галереясына айналдырып жіберді. Мұнда Алматының әсем көрінісін, қазақы дәстүрді, әлемдік мәдениетті, танымал бейнелерді, суретшілердің қиял әлеміне сүңгігенін байқауға болады. Жалпы, әр суретшінің жұмысы туралы бір сағатта айтып жеткізу мүмкін емес. Әрқайсының еңбегі мен жеткізер ойы әртүрлі. Бұрын тапсырыс келгенде бізге белгілі бір дүниелерді бояуға рұқсат беретін. Ал қала әкімдігі бұл жерде суретшілердің өздеріне еркіндік берді, - дейді Almaty Creative Bureau басшысы Кристина Бекмурзаева. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 420 метрлік кенепке салынған граффитті өнер тек Алматыда ғана емес, тұңғыш рет Орталық Азияда салынған. 

Сол себептен бұл жер саяхатшылардың назарынан тыс қалмайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы