Фоторепортаж: Алматылықтар азық-түлікке қанша қаражат жұмсайды

Қала тұрғындары ай сайынғы тапқан табысының 4/2 бөлігінің азық-түлікке кететінін, ал бағаның ай сайын өсіп келе жатқанын айтып шағымданды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Тұрғындардың айтуынша, бір отбасыға азық-түлікке кем дегенде 200-300 мың теңге жұмсайды. Ал жастар жағы 150-180 мың теңге шамасында азық-түлік алады.

Біз ақшаның көп бөлігін азық-түлікке жұмсаймыз. Керек заттарды базардан сатып алғанымызбен, үйдің жанындағы дүкендерден күніге бірдеңе аламыз. Базарға бір барғанда 200-300 мың теңгені жұмсаймыз. Күнделікті дүкеннен 2000 мың теңгенің шамасында тәттілер, балмұздақ аламыз. Енді азық-түліктің бағасы әр кезде әртүрлі. Байқағаным, отандық өнімдердің бағасы өте қатты өспейді. Ал шеттен әкелетін үй шаруасына қажетті заттардың бағасы ай сайын өседі. Ұнның бағасы қатты өскен еді, бұл нан бағасының өсуіне әкеп соқтырды. Дүкендер әртүрлі бағаны ұстанады. Бір нанның өзі 180-250 теңге шамасында. Ал көп балалы отбасыларға күніге 5-6 нан қажет. Бағаның тұрақты болғаны жақсы ғой, себебі жәрдемақы мен тапқан табыс өсіп жатқан жоқ, - дейді Салтанат есімді қала тұрғыны.

Finprom.kz жазуынша, азық-түлік пен сусындарға ең көп қаражатты алматылықтар жұмсайды. Олар ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жан басына шаққанда 181,5 мың теңге жаратқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,7%-ға артық.

Жалпы байқағаным, азық-түлікке жұмсайтын ақша байқалмастан кете береді. Әр отбасының өзінің жұмсайтын қаражаты да бар. Балалар өсіп келеді, үйге керек заттарды алуға олар да көмектеседі, соған қуанамыз. Басқа өңірлерге қарғанда, Алматыда баға біршама арзан екендігі байқалады. Дегенмен бұл үлкен мегаполис болғандықтан, адам көп, көпшілігіне бұл баға арзанға түспейді, – дейді Назгүл есімді қала тұрғыны.

Жаз шыққалы жеміс-жидектің бағасы біресе арзандап, енді бірде қымбаттап жатыр. Саудагерлер бұл өнімнің пісіп, кезең-кезеңімен жеткізіліп жатқанын, кейбірінің шетелден тасымалданатынын айтуда.

Тұрғындар жемістердің бағасы арзандап, енді бірде қымбаттағанда, түсінбей жатады. Неге баға құбылмалы деп назданады. Әрине, олардікі орынды сұрақ. Дегенмен бізге жеміс-жидектерді өзіміз өсіріп отырған жоқпыз, бағаны тұрақты ұстап тұруға. Картоп, қарбыз, сәбіз, қауын, алма, шие сынды жеміс-жидектерді осы жергілікті шаруалардан алсақ, экзотикалық өсімдіктерді шетелден әкелеміз. Кейде олардың өсетін мерзімі бітіп жатады. Әрқайсысы кезең-кезеңмен өсетіндіктен, көп берген уақытта баға арзандайды, - дейді саудагер. 

Алматыда азық-түлік, жеміс-жидекті арзан бағаға қайдан сатып алуға болады деген сұраққа келсек, Розыбакиев көшесінің қиылысында әмбебап базар орналасқан. Қаладағы дүкендердің барлығы көтерме бағада осы жерден азық-түлікті сатып алып, 200-300 теңге шамасында қосып сатады. 

Тұрғындар үшін тиімді бағадағы азық-түлік көбіне базар маңында сатылады. Дегенмен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз қымбаттатқандар 300 мың теңгеге жуық айыппұл арқалауы мүмкін екенін атап өткеніміз жөн.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы