Фоторепортаж: Алматыдағы қоқыс үйіндісі

Наурызбай ауданындағы “Шұғыла” ықшамауданы Alem City тұрғын үй кешендерінде қоқыс үйіндісі пайда болған. Тұрғындар қоқыстың исі балабақшадағы балаларға кері әсерін тигізетінін айтып шағымданды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Тұрғындардың айтуынша, қоқыс екі аптада бір жиналады. Дегенмен қоқысты түгелдей тазалап алып кетпейді.

Біз балабақшадағы балалардың денсаулығына алаңдаймыз. Өз басым бұл маңайда тұрмаймын. Дегенмен ата-аналар болып осы мәселені көтеріп жүргенімізге біраз уақыт болды. Өздеріңіз көргендей, бұл жерде мал терісі, қалдықтар жатыр. Исі мүңкіп, қолқаны жарады. Таң атпай баламызды әкелгенде, иттер жүрген еді. Сол жердегі тамақ қалдықтарына келетін көрінеді. Бірақ біз секілді баламен жүретіндер үшін қауіп те төндіріп отыр. Айналадағы адамдарға ыңғайсыздық тудырмас үшін, қоқыс жәшіктеріне салып қою керек еді. Қоқысты екі апта бұрын жинаған, бірақ түгел жинамай, қалдықтарын тастап кете береді екен. Ал ол шіріп, иіс шыға бастайды,- дейді қала тұрғыны.


Тұрғындардың айтуынша, қоқыс үйіндісі болғандықтан, жан-жақтан қоқыс әкеп тастайтын адамдар да көбейген.

Қоқысты кім жинайтынын білмедім. Осы қоқыстың жатқанына 2 айдан астам уақыт өтіпті. Тұрғын үйді жөндеп жатқандардың қоқысын көреміз. Тұрғын үйдегі КСК-ге қоқысқа ақша төлейміз. Сол кісілер ақшаны алғандықтан, қоқысты шығару керек деп ойлаймын. Орталықтандырған қоқыс дегендерін түсінбедім. Дегенмен мына жерде екі балабақша бар. Балаларға зиян келеді ме деп уайымдаймыз, - дейді Ерден есімді қала тұрғыны.

Аталған жағдайға байланысты Алматы қаласының әкімдігінің баспасөз қызметі түсінік берді.

Наурызбай ауданы әкімінің аппараты Alem City ТҮК аумағындағы құрылыс қоқыстарын «Qazaq Stroy Service» ЖШС басқарушы компаниясы аптасына екі рет шығаратынын хабарлайды. Қазіргі уақытта бұл аумақты қоқыстан тазарту жұмыстары қолға алынған. Басқарушы компания тұрғындардан тазалық сақтауды және ол үшін арнайы белгіленген жерлерге қоқыс шығаруды сұрайды, - деді Алматы қаласының әкімдігінің баспасөз қызметі.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы