Фоторепортаж: Алматыдағы ақ ұлпа қардың қалыңдығы 18 см
Алматыда кешелі бері толассыз жауған қар тұрғындарды біраз әбігерге салды. Қала көшелерінен 9 600 текше метр қар шығарылған. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі қаланың бүгінгі келбетін назарларыңызға ұсынады.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, "Қазгидромет" деректеріне сәйкес тәулігіне 18 см қар жауды, бұл қаңтардағы норманың 31%-ы.
Каменское платодағы қар – 21 см, ал Медеуде – 12 см. Түнгі уақытта көшелерді тазалау үшін 573 арнайы техника, сондай-ақ 711 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Қар шығаруға 203 самосвал тартылды. 23 қаңтар күні таңертең 9 600 текше метр қар сыртқа шығарылды. 22 қаңтардың кешінен бастап 26 техника колоннасы жол полициясының патрульдік машиналарымен бірге қар күреу жұмыстарын жүргізді, - дейді Алматы қаласының әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әкімдіктен хабарлағандай, 23:30-да басталған қалың қардан кейін қарды қайта сыпыру таңғы 4:00-ден бастап ұйымдастырылды. Күндізгі уақытта 475 арнайы техника мен 1280 жол жұмысшысы жұмылдырылды.
Шағын көлемді техниканың 95 бірлігін пайдалана отырып, тротуарларды, қоғамдық кеңістіктерді және әлеуметтік маңызы бар объектілерге кіреберістерді механикаландырылған тазалау жүргізіледі. Сондай-ақ, қоғамдық көлік аялдамалары мен жер үсті өткелдерін қолмен тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді Алматы қаласының әкімдігінен.
Аудан әкімдіктерінде қар тазалау жұмыстарын бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылмақ.
"Қазгидромет" РМК болжамы бойынша бүгін, 23 қаңтарда сағат 16:00-ден бастап тәуліктің соңына дейін қар жауады деп күтіледі. Ауа температурасы күндіз -5...-7°С болады. 24 қаңтарда жауын-шашынсыз бұлтты, түнде ауа температурасы -18... -20°С, күндіз -12...-14°С дейін төмендейді.