Фоторепортаж: Алматыда түркі халықтарының мәдени мұрасы дәріптелді

Мемлекеттік орталық музейінде Наурыз мерекесіне орай "Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері" атты ІІІ Халықаралық ғылыми форумы өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Орта Азия елдерінен келген ғалымдар мен музей мамандары, түркітілдес халықтардың этникалық тарихы мен мәдени мұрасын сақтау жөнінде ой білдірді. Ғылыми және мәдени әріптестікті дамытудың жолдарын бірге талқылады.

Форум аясында "Түркі дәстүрлері: этномәдени ерекшеліктер" тақырыптық секциясы ұйымдастырылды. Музейлер қауымдастығы, шығармашылық пен ғылым саласындағы жастардың, өнер қайраткерлерінің басы бір арнаға тоғысты. Бұл конференция түркітілдес халықтардың мәдениетін паш етеді, - деді ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының міндетін атқарушы Ғалия Теміртон.

Форумға ғылыми мекеме қызметкерлері, оқу орындарының оқытушылары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, музей, архив, кітапхана мамандары қатысты.

Форум аясында қазақ халқының түркі заманынан бүгінге дейінгі мұрасын, бірегей тәлімдік жүйесі мен ұлттық тәрбиесін дәріптейтін "Шеберлер алаңы" этнографиялық көрме ұйымдастырылды. 

Музей қорынан алынған этнографиялық коллекциялар мен Қазақстан қолөнершілері мен этнодизайнерлерінің авторлық туындыларын көрсететін "Шеберлер алаңы" көрмесі ежелгі дәстүрлерді заманауи интерпретациялар арқылы жеткізуімен ерекшеленді.

Көрмеге қойылған жәдігерлер қазақ халқының бала өмірге келген сәттен бастап, оның рухани және физикалық дамуына ерекше ден қойғанын көрсетеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы