Фоторепортаж: Алматыда сақ қорғандарының аумағы тазартылды

Алматыда 18 сәуір Халықаралық тарихи ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай "Боралдай сақ қорғанына" экскурсия ұйымдастырылып, ескерткіштің айналасы тазартылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Боралдай сақ қорғандары - Алматы аумағында ерте темір ғасырынан сақталған жалғыз ескерткіш. 

Ол қаланың Алатау ауданында, Үлкен Алматы мен Боралдай өзендерінің арасында, әуежайға жақын жерде орналасқан.

Алматы қаласы музейлер бірлестігі "Алматы - біздің ортақ үйіміз" акциясы аясында "Боралдай сақ қорғанын" қоқыстан тазартты.

Бүгін 18 сәуір Халықаралық тарихи ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні. Өздеріңіз білесіздер, мұнда біздің еліміз ғана емес, Орта Азия үшін бірегей "Боралдай сақ қорғаны" орналасқан. Бұл ескерткіштің ерекшелігі - Алматы сынды үлкен қалада 430 гектар жердегі ескерткіштің осы күнге дейін сақталып қалуы. Шамамен б.з.д. Х ғасырдан бастап бұл жерде ірі көшпелі тайпалар - сақтар пайда болған, кейіннен бұларды үйсіндер алмастырды. Осы ретте біз Алматы қаласы музейлер бірлестігі "Алматы — біздің ортақ үйіміз" акциясы аясында қорғанды тазартып, ретке келтіру жұмыстарын қолға алдық. Сондай-ақ студенттер мен оқушыларға экскурсия ұйымдастырылды, - дейді Алматы қаласы музейлер бірлестігі директоры Сағындықова Ләззат.

Экскурсия барысында археологиялық кешен 47 сақ және үйсін қорғандарынан тұратындығы айтылды. 

Олардың ең үлкенінің биіктігі 14 метр, ал диаметрі 100 метрден асады.

"Алматы — біздің ортақ үйіміз" акциясы аясына Режиссер Ақан Сатаевтың "Томирис" фильмінде әйгілі сақ патшайымы Тұмардың рөлін сомдаған Әлмира Тұрсын да ат салысты.

Бүгін біз тарихи орынды тазартуға келдік. Мен "Томирис" фильміне түсерде осы қорған жайлы оқып, зерттедім. Мен үшін өте ерекше орынның бірі. Студенттер мен оқушыларда қорғанның тарихымен таныс болып жатыр. Еліміздің ербір азаматы өзінің тарихын жетік білп, оны мақтан етуі қажет, - дейді актриса.

Бұрынғы сақ тайпасының өмірі жаңғыртылған "Боралдай сақ қорғандары" паркінде ортасынан жарылған қорған мен ежелгі сақ тұрғын үйінің макетін көруге болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы