Фоторепортаж: Алматыда Орталық Азия елдеріндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған көрме өтті

Мегаполисте Орталық Азия елдеріндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Түркістан екі империяның билігі астында: отаршылдық және қуғын-сүргін» халықаралық көрмесі өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Көрмеге Қазақстан мен Өзбекстанның қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлерімен қатар, С. Ходжанов, Ф. Зарипкызы, Т. Отарбаев, М. Мылтықбаев және т.б. фотоқұжаттары, Орталық музей қорынан А. Байтұрсынов, А. Бөкейханов, М. Дулатов, М. Тынышпаевтың жеке кешендері, С. Сейфуллин, Х. Досмұхамедовтің жәдігерлері қойылды.

Көрмеде екі елдің қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің фотосуреттері мен қолданған заттары қойылған. Былтырғы жылы Өзбекстанның ұлттық музейімен келісімшартқа отырған едік. Сол келісімшарт негізінде жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге қойылған 70-тен астам ерекше жәдігерлердің қатарында 1980 жылы Сәкен Сейфуллиннің жары Гүлбарам Сейфулинна мен ағасы Мәжит Сейфуллин өткізген пальтосы мен патефоны және алтын қол сағаты, өзінің есімі жазылған темекі қорабы бар. Сондай-ақ белгілі алаш қайраткері Халел Досмұхамедовтің дәрігерлік мөрі мен фотосуреттері және еңбектері қамтылған, - дейді «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі» РМҚК директоры Рашида Харипова.

Өзбекстандағы қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтардың ақталуы туралы жазылған ақпараттық тақтайшалар да көптің назарын аударғаны сөзсіз. Онда 1930 жылы Қазақстанның Каспий бойы аудандарында үкіметтің ет жоспарына қарсы шеруге қатысқаны үшін қуғын-сүргінге ұшырап, Өзбекстан аумағына қашып келген 69 қазақстандықтың аты-жөні жазылған.

Іс- шара аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Айтылған тарих» ғылыми зертханасымен бірлесе отырып, Қазақстан және Өзбекстан Мемлекеттерінің ғалымдарының қатысуымен «Орталық Азия елдеріндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту барысы туралы: нәтижелері мен жалпы проблемалары» Халықаралық дөңгелек үстелі өткізілді.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы