Фоторепортаж: Алматыда "Хиросима мен Нагасакиді еске алу" көрмесі ашылды
Орталық музейде Хиросима мен Нагасакидегі зұлматты еске алу үшін халықаралық көрме өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Көрме атом бомбалауының 79 жылдығына орай ұйымдастырылған.
Көрмеге келушілердің назарына Хиросима мен Нагасакидегі болған қайғы-қасірет пен оның салдарын көрсететін фото-стендтер, атом трагедиясы мен бомбалаудан туындаған жойқын қираулар туралы бейнежазбалар (хроника, деректі фильмдер), қайғылы оқиғадан аман қалған адамдардың күнделіктері, Нагасаки және Хиросима қалаларында бейбітшілік символы ретінде қағаздан жасалған ақ тырналар, сондай-ақ ядролық бомбалауды көрген адамның Жапониядан тікелей эфирде сөйлеген сөзі («хибакуся») ұсынылды, - деді Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы.
Аталмыш көрме Нагасаки қаласының Ұлттық мемориалдық бейбітшілік кешенімен бірлесе 2005 жылдан бері түрлі елдерде өткізіліп келеді.
Қазақстанда көрме екінші рет ұйымдастырылып отыр.
Көрме 2024 жылғы 12 қыркүйекке дейін жалғасады.
Ескеретін жайт, 16-28 қыркүйек аралығында көрме Нархоз университетінде өтеді.