Фоторепортаж: Алматыда бүр жарған гүлдер
Көктем келісімен Алматыдағы ағаштары гүлдеп, қызғалдақ пен бөртегүл бүр жарды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қала көшелерінде қызғалдақтың түр-түрі отырғызылған. Гүлдердің қауызы сарғылт, қызыл және сары түске боялған.
Сондай нәзік көрінеді, жанға жылулық береді.
Қала маңындағы тау бөктерінде бәйшешек гүлдеп жатыр. Оның арасында Алатау запырангүлі деп аталатын гүлдер Қызыл кітапқа енгізілген.
Биыл алма, шие ағаштарының гүлдері аз гүлдеген. Бүршік жарған алқызыл түсті шие ағашының гүлдері тұрғындардың назарын өзіне аударып, қуанышқа бөледі.
Мамандардың айтуынша, шие ағашының аз гүлденуіне көктемнің кеш келіп, ауа райының суық болғаны себеп болған.
Сондай-ақ қаланың әр бөлігінен бақбақ гүлін кездестіруге болады.
Дәстүрлі медицинада қолданатын бұл гүлде қаланың көркіне өң беріп тұр.
Қала көшелерінен жабайы гүлдерді де көзіміз шалды. Ақ, сары, қызыл түске боялған гүлдерге тамсанбай өту мүмкін емес.
Қазгидромет мамандарының айтуынша, мамыр айында республиканың басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы нормадан 1-2° жоғары, батыс аймақтарда норма шамасында күтілуде.
Мамыр айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында, елдің қиыр батысында нормадан жоғары, Қазақстанның оңтүстік, орталық өңірлерінде нормадан аз болады деп болжануда.