Фоторепортаж: Алматы облысында 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылады
Облыста 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында инвестиция көлемі 331,1 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл тұралы Алматы облысы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қуаныш Бақытұлы айтты.
Алматы облысына 2026 жылға дейін 4,1 трлн теңге инвестиция және 1,5 млрд АҚШ доллары тікелей шетелдік инвестиция тарту жоспарланып отыр. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында инвестициялар 21%-ға өсіп, 331,1 млрд теңгеге жетті. Инвестор үшін ең тартымды сектор өңдеу өнеркәсібі болып қала береді, оған 2023-2027 жылдар аралығында 835 млн АҚШ долларынан астам инвестиция салу жоспарланып отыр, - дейді Алматы облысы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қуаныш Бақытұлы.
Алматы облысында инвестиция тарту және инвесторларды қолдау, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құру қарқынды жүзеге асып келеді.
Бүгінгі таңда 685 жұмыс орнын құрумен 70,8 млрд теңгенің 15 жобасы жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін 5 мыңнан астам жұмыс орнын ашып, құны 353,3 млрд теңгені құрайтын 44 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Қолайлы инвестициялық ахуал жасау үшін облыста ауданы 1,6 мың га болатын 4 индустриялық аймақ құрылды. ИА аумағында 144,4 млрд теңгеге 2000-нан астам жұмыс орны құрылатын 20 жоба жүзеге асырылып жатыр, - деді Алматы облысы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қуаныш Бақытұлы.
Жаңадан ашылған Алатау қаласында инвестиция тарату, кәсіпкерлерді қолдау бағыты қарқынды жүзеге асырылып келеді.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Іле ауданында облыстық маңызы бар Алатау қаласы құрылды. Үкімет Алатау қаласының Бас жоспарын бекітіп, Іле, Талғар аудандары мен Қонаев қаласының шекараларын өзгертті. Бүгінде қаламызға шетелдік инвесторларды тарту, тұрақты жұмыс орындарын құру жұмыстары қарқынды жүзеге асып келеді. Алатау қаласына PepsiCo трансұлттық компаниясы 160 млн АҚШ долларын инвестициялайды. Жобаны жүзеге асыру барысында 1000-ға жуық адам жұмыспен қамтылады. Кәсіпкерлерге қолдау білдіру мақсатында өз тарапымыздан жол картасы қабылданып, газ құбырын, электр желілерін тарту, басқа да жұмыстарды жүргізіп келеміз,- деді Алатау қаласының әкімі Аркен Өтенов.
Өндірістік инфрақұрылымды дамыту және негізгі капиталға инвестиция тарту мақсатында «Alatau» АЭА аумағы кеңейтілді (30 мың гектардан 96,5 мың гектарға дейін), бұл облыстың қолданыстағы аумақтық әлеуетін барынша пайдалануға мүмкіндік бермек.