Фоторепортаж: Алматы хайуанаттар бағының бүгінгі жай-күйі қандай
Алматы хайуанаттар бағы – Орта Азиядағы ең ірі хайуанаттар бағы. Бүгінде зообақта 361 түрге жататын 3 838 жануар бар. Олардың күтімімен 223 қызметкер айналысады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілірерде хайуанаттар бағы Алматы облысына көшірілетіндігі жайлы ақпарат тараған болатын. Алайда Алматы әкімдігі зообақтың басқа қалаға көшірілетіні туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Алматы хайуанаттар бағы жұмысын бұрынғы жерде жалғастырып келеді, басқа қалаға көшіру жоспарда жоқ. Алматы қаласының аумағын дамыту жоспары аясында хайуанаттар бағын халықаралық стандарттарға сәйкес зоогеографиялық қағида бойынша жаңғырту мен реконструкциялау көзделген. Биыл жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу бойынша байқау жариялау жоспарланған. Реконструкциялау жұмыстары кезең-кезеңімен 2028 жылға дейін жүзеге асырылады, - деп мәлімдеді Алматы қаласы Мәдениет басқармасы.
Алматы хайуанаттар бағы 2024 жылы келушілер саны бойынша жаңа рекорд орнатты. Соңғы 37 жылда алғаш рет бір жыл ішнде келушілер саны 1 097 236 адамға жетті.
Алматы хайуанаттар бағы – барлық жыртқыш құстар тұқым беретін Еуропа мен ТМД елдерінің хайуанаттар бақтарының ішінде бірінші орында.
Құстардың сирек түрлерінің тұқымын беру бойынша ЕЕР бағдарламасымен қарастырылған үлкен күмбез тәрізді темір қораларда дала бүркіті, қозықұмайлар, құмайлар, субүркіттер мекендейді.
Көлдер мен тоғандарда аққу, үйрек, қаз және тырналардың әртүрлері мекендейді. Барлық құстардың ең ірілері де бар, олар – эму мен казуар.
Хайуанаттар бағы деп екі ауыз сөзге сыйғызғанмен, бұл бақтың саласы өте көп. Бақта 7 көрілім бөлімі жұмыс істейді. Аквариум бөлімі, жыртқыш құстар бөлімі, экзотикалық құстар бөлімі, жұп тұяқтылар бөлімі, сүтқоректілер бөлімі, таңсық жануарлар бөлімі, виварий бөлімі, приматтар бөлімі. Жануарларға қызмет көрсететін басқа да бөлімдер бар. Әр бөлімнің атқаратын жұмысы сан алуан, - деді Алматы хайуанаттар бағының кіші ғылыми қызметкері Жансая Ахметкаримова.
2024 жылы жалпы зообаққа келген халықтың 250 мыңы тегін кірген. Бұл – 6 жасқа дейінгі балалар, балалар үйлері мен мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері, көпбалалы және аз қамтылған отбасындағы балалар (аудан әкімдіктерінің хаты бойынша), сондай-ақ зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар. Ал қалғандары билет сатып алып кірген.
Зообақта билет бағасы да қолжетімді: ересектер үшін – 800 теңге, ал балалар үшін – 300 теңге. Келушілер санының жаңа рекордына хайуанаттар бағының артып келе жатқан танымалдығы себеп болған. Ол табиғатты сүйетіндер мен отбасылық демалысты қалайтын адамдар үшін тартымды орынға айналып отыр.
Хайуанаттар бағын халықаралық стандартқа сәйкес жаңғырту және реконструкциялау жоспарланған.
Биыл жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша байқау жарияланады. Кейін кезең-кезеңімен реконструкция жұмыстары басталып, 2028 жылға дейін жалғасады. Болашақта түрлі корпустар салу жоспарымызда бар. Соның бірі "Африкалық Саванна" деп аталмақ. Біз корпустарды әлемдік стандарттарға сай салатын болғандықтан, оған біраз уақыт қажет болады, - деді Жансая Ахметкаримова.
Әр аңның мінезін, тамағын, тұратын вольерлерін қадағалайтын бірнеше маман бар. Берілетін тамақтың да талабы күшті. Бұл жерде тұрғындар сырттан алып келген кез келген азықпен қоректендіре бермейді. Күніне берілетін тағамның мөлшері, дәрумені әлемдік хайуанаттар ұйымының нақты стандартымен белгіленген.
Келушілердің, әсіресе балалардың қызығушылығын арттыру және танымдық деңгейін көтеру мақсатында хайуанаттар бағында әр жануар бойынша аннотациялық тақтайшалар әзірленген. Онда жануардың атауы, таралу аймағы, биологиялық ерекшеліктері мен қызықты фактілер көрсетілген. Барлық ақпарат келушілерге ыңғайлы болу үшін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылған. Сонымен қатар, хайуанаттар бағында навигациялық және ақпараттық стендтер мен интерактивті элементтер орнатылған. Біз балаларға арналған түрлі үйірмелер мен зоомектеп жұмысын да ұйымдастырып келеміз, - деді Алматы хайуанаттар бағының кіші ғылыми қызметкері.
2023 жылы хайуанаттар бағына 954 мың, ал 2022 жылы 916 мыңнан астам адам келген.
Зообақ мамандарын қынжылтатыны – жазғы зообақ маусымы кезіндегі келушілердің тәртібі. Хайуанаттарды тамақтандыруға болмайды, әйнектерді қақпау керек, және ұялы телефон жарығын қосып, фотоға түсірмеу керек. Өйткені бей-берекет шашылған тамақ пен ұялы телефон жарқылы аңдарды күйзеліске түсіреді, - деді Алматы хайуанаттар бағының кіші ғылыми қызметкері Жансая Ахметкаримова.