Фотоға түсіп тұрған туристерді жағалаудағы дауылды толқын шайып кетті

Жағалауда фотоға түсіп тұрған туристерді дауылды толқын шайып кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Surfer-ге сілтеме жасап.

Оқиға Исландияда, Рейнисфьяра жағалауында болған. Фото және бейнежазбаға түсіп тұрған туристерді кенеттен көтерілген толқын суға тартып кеткен.

Куәгерлердің айтуынша, ер адам теңіз жағасындағы жартастың үстінде суретке түспек болған. Сол сәтте кенеттен көтерілген алып толқын суға тым жақын тұрған адамдарды шайып әкеткен.

Кейбір адамдардың бір ғана сурет үшін өмірін қатерге тігетіні ақылға сыймайды, - дейді оқиғаны видеоға түсіріп тұрған фотограф.

Шынында да, бұл жағажай талай адамның өмірін жалмаған. Рейнисфьяра өзінің қауіпті толқындары мен күшті ағындарымен танымал.

Тамыз айында осы жерде 9 жасар қыз қаза тапқан. Ол отбасымен бірге үңгірді аралап жүрген сәтте, кенеттен келген алып толқын үңгірдің ішін түгел суға толтырған.

Бұл қауіпті жағажайда болған алғашқы қайғылы оқиға емес. Guide to Iceland туристік блогында бұған дейінгі жазатайым жағдайлар туралы жазылып, келушілерге арнайы ескерту жасалған.

Мұндағы толқындар өте долы. Олар білдіртпей жақындап келіп, өзіне тартып әкетеді. Мұндай жағдайда адамды құтқару мүмкін болмайды. Сондықтан бұл жағажайларға барғанда аса сақ болыңыздар және ешқашан теңізге, толқындарға арқамен тұрмаңыздар, - деп ескертілген жазбада.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы