"Фостер халық зардап шеккенде, шай ішіп отырды". Депутат әуе компаниялардың былығын айтты

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек авиация саласында азаматтардың құқығы қорғалмай жатқанын айтып, әуе компанияларына тісін батыра алмай отырған министрге шүйлікті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Air Astana, Fly Arystan cияқты компаниялардың бассыздығынан, заңсыздығынан, былықтары кесірінен халық шаршады. Мемлекеттің тісі батпай отыр. Өкінішке қарай билеттерді қайтармайды, не рейстерді кейінге қалдырады. Ең сорақысы мүгедектігі бар азаматтар мен жасөспірімдерді рейстен қалдырып отыр. Мынау лоббистердің кезінде лоббистердің ісімен тұтынушыларды қорғауды көздейтін тексерістің бәрін алып тастады. Енді лоббистер әлі де күшті. Енді олар көтерілген билеттің құнын қайтадан көтеруге тырысып жатыр. Осыған байланысты 2 сұрағым бар, - деді мәжіліс депутаты.

Депутат мәселе халықаралық конвенцияда болуы мүмкін екенін айтады.

Біріншіден, мұндағы мәселе халықаралық конвенцияда болуы мүмкін. 1929 жылы Варшава конвенциясына қосылдық. Бірақ онда тетіктер жоқ. Варшава конвенциясынан шығып, Монреал конвенциясына кіру керек шығар. Екіншіден, аэропорт және әуе компаниясы басшылықтарын рейстерді кейінге қалдыруға байланысты. Заң жобасы аясында мүліктік жауапкершілікке тарту жоспарда бар ма, жоқ па? Сондай-ақ әуе компаниялар мен аэропорт басшылығы мүліктік жауапкершілікке тартыла ма?, - дейді ол.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев проблема барын жоққа шығармады.

Өте өзекті мәселе. Ақшаны қайтармау үшін мүмкіндік болды. Қазіргі қолданыстағы заңда сондай кемшілік бар. Сол кемшілікті алып тастадық. Енді біздің "тісіміз" болады. Біздің құзіретіміз кеңейтілді. Енді бұл мәселе бізге қарайтын болады. Екіншіден, 100 пайыз ақшаны қайтармау туралы бапты заңнан алып тастадық. Енді оларда заң жүзінде ондай мүмкіншілік болмайды, - деп жауап берді Шаққалиев.

Ал, Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев әуе компаниялары халықаралық конвенция аясында жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Біз Монреал конвенциясына 2015 жылы оны ратификациялаған едік. Ол конвенция бойынша авиажүк және жолаушыларды тасымалдау тетіктерін қарастырады. Бүгін біз сол конвецияның аясында жұмыс істеп жатырмыз. Енді сіз қойған сұрақтарға тоқталайын. Рейстерді кешіктіргенде және олар болмай қалған жағдайда жаңадан өзгерістер енгізу бойынша жұмыс істеліп жатыр. Бүгінде рейстерді кешіктірмеу үшін тек әуе компания емес әуежайлардың да жауапкершілігін арттыруды қарастырып жатырмыз. Себебі, кейбір кезде әуежайдың дайындығы болмай қалған жағдайлар бар. Сондай-ақ мүгедек адамдар мен балаларға, жүкті әйелдерге дұрыс қызмет көрсетпеген жағдайда оларға айыппұл салу пакеті дайындалды, - деді вице-министр.

Депутат Бақытжан Базарбек өзінің де құқығы тапталғанын айтып берді.

Менімен осындай жағдай болды. Air Astana компаниясының президенті Фостер қаншама халық зардап шегіп отырса да лаундж барға барып, шай ішіп отырған жерінен шығарып алып, халықтың алдына шығардық. Оған халықпен сөйлес дедік. №626 рейстің жұмысы бойынша тексеріс болды. Оның қорытындысы қолымда тұр. Мен және қаншама адам зардап шекті. Айыппұл салынды. Алайда оның санын едәуір көбейту керек. Жауапкершілікті күшейту керек. Қажет болса, аэродромның сертификатын уақытша тоқтату керек. Шаруашылық қызметінің жұмысын тоқтата тұру керек. Тура солай ғана әуе компанияларға заңды орындатқызамыз. Басқа амал жоқ, - дейді Базарбек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы