Тұр да - жүгір! 72 жастағы әже кейде 30-40 жастағылармен жарысады және жүлде алады!

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ол – марафоншы. Жасы – 72-де. 7 жылда 106 марафонға қатысып, бір рет те дистанциядан шығып көрмеген. Былтыр елордадағы 35 қабаттық Highvill тұрғын үй кешеніне жүгіріп шығудан жарыста ол 326 қатысушы ішінде финишке үшінші болып жеткен. Жүгірген кезде қырық жастағыларды шаң қаптыратын Амегульсин Мұсылманова жүгірумен айналысуына не себепші болғаны, есінде ерекше сақталып қалған марафоны туралы айтып, жүгірумен айналыса бастағандарға кеңес айтты.



Томпиған сары қыз

BAQ.KZ: Қай жерде туып-өстіңіз? Есіміңіз де ерекше екен, ол қандай мағына береді?
Амегульсин Мұсылманова: 1947 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Самар ауданы, Қызылшілік деген Алтайдың бөктеріндегі ауылда дүниеге келдім. Атам – Мұсылманның жалғыз ұлы Қалиакперден 9 бала тараса, оның бесеуі тірі қалған. Қазіргі уақытта сол бесеумізден сіңлім екеуміз ғана қалдық. Туған кезде монтиған, томпиған сары қыз болыппын. Араб тілінен аударғанда Үммігүлсін «монтиған, томпиған» деген мағынаны білдіреді.
BAQ.KZ: Спортқа деген қызығушылығыңыз қашаннан бастап оянды? Кішкентай қыздар әдетте мұғалім болуды, әнші болуды армандайды. Сіз балалық шағыңызда кім болуды армандадыңыз?
Амегульсин Мұсылманова: Бала кезімнен спортқа жақын болдым. Көбінесе жазғы спорт түріне қызығып, соның ішінде акробатика, жүгіру, секіру, волейбол, баскетболмен айналыстым. Ұлдармен футбол ойнап, төбелесуге дейін баратынмын. Әкем отын жаруға барса – отынға, шөпке барса – шөпке, аңға шықса – аң аулауға барып өстім. Қазіргі уақытта елордада жүгіретіндердің «Astana Runners» деп аталатын клубының мүшесімін.
BAQ.KZ: Не үшін басқа емес, жүгіруді таңдадыңыз?
Амегульсин Мұсылманова: 9-сынып оқып жүрген кезімде екі аяғымды үсітіп алғам. 1985-86 жылдары мен Күрделі құрылысты және жөндеулерді басқару басқармасында жетекші инженер болып қызмет еттім. Қыс кезінде мекемедегі құбырлар жарылып, екі аяғыма суық тигізіп алдым. Арада 1-2 жыл өткенде екі аяғым қақсап, ревматизм дертіне шалдықтым. Жүгіріп, спортпен айналысудың арқасында бұл дертімнен арылдым. 2005 жылға дейін көктем, күз мезгілдерінде таңертең және кешке -10 градустан +10 градусқа дейін жүгіруді әдетке айналдырдым. 2005 жылы немерелі болып, күніне екі уақыт жүгіруге уақыт болмады, бірақ үй жағдайында йогамен айналыстым.

106 марафонға қатыстым

BAQ.KZ: Қай жылдан бастап жүгіру марафонына қатыса бастадыңыз және қазіргі уақытқа дейін қанша марафонға қатыстыңыз.

Амегульсин Мұсылманова: 2012 жылы қаңтар айынан бастап марафонға қатысып келемін. Содан бері жартылай марафон, толық марафон, ультрамарафон, тау арасында жүрігетін марафондардың бәрін қосқанда 106 марафонға қатыстым. Әр жыл сайын кем дегенде 12-13, ең көп дегенде 14-15 марафон жүгіріп өтем. 
BAQ.KZ: Сіз үшін жүгіру, марафонға қатысу деген не? Жүгіру барысында не ойлайсыз?
Амегульсин Мұсылманова: Марафон барысында осы қашықтықты дұрыс жүгіріп өту туралы ғана ойлаймын. Бәрі дайындыққа байланысты. Өзіңе сенімсіз күйде жүгіре бастасаң дистанциядан тез шығып қаласың. Мен ешқашан дистанциядан шығып қалған жоқпын. Алпыс жасқа келгенде қызым «Екінші жастық шағыңызды қарсы алуыңызбен» деген еді. Іштей өзімді жас сезінемін, сондықтан екінші жастық шағым бітсе, үшінші жастық шағыма қадам басам деп ойлаймын.
BAQ.KZ: Әр таңыңыз қалай басталып, кешіңіз қалай батады?
Амегульсин Мұсылманова: Әр таңым қозғалыстан басталады. Оянған кезде орнымнан тұрмай жатып сәби сияқты керіліп-созыламын. Одан кейін аяқтарымды велосипед тепкендей айналдырамын. Одан кейін орнымнан тұрып, аяғымды керемін. Бұл – менің қалыптасып қалған машығым. Әр таң сайын ағзам осылай етуімді қалап тұрады. Әр жексенбі сайын немесе екі аптада бір марафонға қатысамын.


40+ категориясы бойынша жүгіретін кездерім болады

BAQ.KZ: Есіңізде ерекше сақталып қалған марафон бар ма?
Амегульсин Мұсылманова: Мен үшін әр марафон – үлкен той өткізумен бірдей. Мысалы, 2014 жылы Сібірде 25-халықаралық марафон өтті. Оған 79 мемлекеттен 14 490 адам қатысты. Бұл марафонда мен 60+ категориясы бойынша екінші орын алдым. Осындай халықаралық марафондарда жаныңа жақын, қызықты адамдармен танысасың. Мен үшін ерекше марафондар – жастармен жарысатын марафондар. Мысалы, ультрамарафондар (бірнеше тәулік бойы жарысатын марафон) мен тауда өтетін марафондарда 45+, 50+ категориясына кіріп кетіп, өзіңнен 20-30 жас кіші марафоншылармен жарысуыма тура келеді. Ондай марафондарда жоқ дегенде 2, 3-орындарды иеленемін. Мысалы, былтыр маусым айында Өскеменде марафон өтті. Жас ерекшелігі бойынша18-36 және 37+ категориясы бойынша жарыстық. Мен 71 жаста болсам да 37+ категориясындағылармен бірге жарыстым. Біріншгі орынды 31 жастағы, екінші орынды 41 жастағы әйел алды. 41 жастағы әйелді мен жүгіру барысында озып кеткем, бірақ өз жасынан әлдеқайда жас көрінетіндіктен, 37+ категориясына кірмейтін шығар деп ойладым. Сөйтіп жүрісімді баяулатып, оны өзімнен оздырып алдым. Сөйтіп үшінші орын алдым. Сондай-ақ, Қырғызстанда өткен марафонда 50+ категориясы бойынша бірінші орын алдым.
BAQ.KZ: Биыл неше марафонға қатыстыңыз?
Амегульсин Мұсылманова: Сәуір, мамыр айларында 6 марафон жүгіріп шықтым. 26 мамырда BI Group ұйымдастырған марафонға қатысамын. Биыл Алматыда өткен Tengri Ultra – Ұлы дала марафоны ерекше есімде қалды. Алматыдан ары 126 шақырымды жердегі Таңбалы тас деген киелі жермен жүгіріп өттік. Жартастағы ХІ-ХІІ ғасырда ойып салынған суреттерге қарап, ерекше әсерге бөлендім. Осы жолы шетелдік азаматтар көп қатысты.

Марафонға қатысу үшін ерік-жігер мықты болу керек

BAQ.KZ: Тамақтану режиміңіз қандай?
Амегульсин Мұсылманова: Ең бастысы – уақытылы тамақтану керек. Ас – адамның арқауы. Өзім тамақ талғамаймын. Қазы-қарта, жал-жая, майлы қуырдақ, нан мен май сияқтының бәрін жей беремін. Кейбір адамдардың шай ішпесе басы ауырса, мен тамақ ішпесем басым ауырады. Жиі-жиі, аз-аздан жеп отыру керек. Өмір деген – қимыл, сондықтан көп қимылдау керек. Тамақ ішіп жата берсең тамақ дұрыс қорытылмайды, қан айналымы дұрыс жүрмейді. Соның салдарынан қан қысымы өзгереді. Жүгіру былай тұрсын, жүруге ерінетіндер бар. Таңертең жұмысқа көлікпен келіп, кешке көлікпен кетеді де, түскі уақытта тамақты тоя жеп, қимылсыз отырады. Мұның несі өмір?

BAQ.KZ: Марафонға қатысуға ниет білдіріп, дайындалып жүргендерге қандай кеңес айтасыз?
Амегульсин Мұсылманова: Марафонға қатысу – ойыншық емес. Дайындық барысына өзіңді шамадан тыс қинама. Марафонға қатысу үшін екі аяқтың шыдамдылығы, бұлшықеттерің, жүйке жүйесі, қантамыры – бәрі дұрыс жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар үзіліссіз дайындалу үшін үлкен ерік-жігер керек. Кейбір жастар марафонға қатысам деп жінігіп, дайындықсыз қатыса салады. Соның салдарынан жол ортада шаршап, аяқ-қолы тартылып, дистанциядан шығып қалады. Тіпті өліп кететіндері де бар. Бұл – өз шама-шарқын білмейтін адамдардың әрекеті. Дайындала бастаған күннің өзінде бірден 5-10 шақырым жүгірмей, 1 шақырымнан ғана баста. Яғни, екі аялдама ары, 2 аялдама бері жүгір. Марафонға қатысқан кезде ауа райы жағдайына байланысты киін. Жүгіріп болған соң ауыстыратын киімің болуы керек екенін жастар ескере бермейді.


35-қабатқа үшінші болып жеттім

BAQ.KZ: Ең алғаш қатысқан ультрамарафоныңыз, яғни тәулік бойы жүгіретін марафоныңыз есіңізде ме?
Амегульсин Мұсылманова: Ең алғаш Нұрсұлтан қаласындағы саябақ ішіндегі ультрамарафонға қатыстым. Тәулік бойы жүгіріп, арасында демалып аласың, сөйтіп 3 тәулікте 88 шақырым жүгіріп өттім. Екінші рет қатысқанда 100 шақырым, кейін 160 шақырым жүгіріп, жыл өткен сайын жүгіріп өтетін арақашықтық ұзара берді.

BAQ.KZ: Былтыр Нұрсұлтан қаласындағы Highvill тұрғынүй кешенінің 35-қабатына үшінші болып жүгіріп шықтыңыз. Осыған тоқталып өтсеңіз.

Амегульсин Мұсылманова: Шарт бойынша жарыстың алдында 100 шақырым спринг жүгірдік. Одан кейін үйдің астыңғы қабатын қосқанда 35-қабатына дейін 700 сатымен жүгіріп өту керексің. Стартта үшінші болып тұрдым. Менің алдымда 2 жігіт тұрды. Сол екі жігіттен қалмауға тырысып, ақыры финишке сол екі жігіттен кейін 19 минутта үшінші болып жеттім. Жарысқа 326 адам қатысып, 260 адам финишке жетті.
BAQ.KZ: Сұқбатыңыз үшін рақмет!

Видео: Кенжетай АҚСЕЙТ
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы