FlyArystanның алғашқы ұшуларының нәтижелері
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұшулардың алғашқы күндерінде FlyArystan 2000-нан астам жолаушыны тасымалдады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті хабарлады.
50 мыңға жуық билеттер сатылып, олардың жартысынан көбін жолаушылар ең төменгі багажсыз тарифімен алған.
Рейстер Алматыдан Нұр-Сұлтан, Тараз, Қарағанды және Орал қалаларына орындала бастады.
Жақын арада Алматыдан Павлодар мен Шымкент қалаларына рейстер ашу жоспарланып отыр.
2019 жылдың мамыр айындағы барлық бағыттар бойынша орындалатын рейстердің жолаушылар толымдығы 90%-дан асты.
Нұр-Сұлтан-Алматы бағытындағы алғашқы рейстегі жолаушылардың басым бөлігі ұшақ бортында қосымша тамақтануды қалаған.
Мысалы, ұшу кезінде 1200 теңгеге сэндвич пен сусынға тапсырыс беруге болады.
Естеріңізге сала кетейік, 1 мамыр күні елішілік рейстерді бастағанFly Arystan жыл соңына дейін 1 млн-ға дейін жолаушыны тасымалдауды жоспарлайды, бұл жалпы азаматтық авиация саласына оң әсер ететіні сөзсіз.
Сондай-ақ, болашақта Fly Arystan таяу шетелдерге (Грузия, Ресей) халықаралық авиамаршруттарды орындайтын болады.