FlyArystan компаниясы бұған дейін BAQ.KZ редакциясы овербукинг дауына қатысты болған Өскемен – Астана рейсіндегі жанжалға түсініктеме берді.
Бұған пайдаланушылардың бірі жариялаған жазба себеп болған. Онда оның анасы қолында жарамды билеті және тіркеуден өткеніне қарамастан, ұшаққа жіберілмегені айтылған.
Әңгіме ұшу уақыты 19:45-ке жоспарланған FS7373 рейсі туралы болып отыр. Жазба авторының сөзінше, жолаушыны ұшаққа отырғызудан бас тартқан, себебі ұшақтағы орыннан көп билет сатылған. Сондай-ақ оған ең жақын рейске ауыстыру немесе жағдайды шешудің өзге балама нұсқалары ұсынылмағаны да айтылған.
Бұл жағдайға қоғам белсендісі Мұрат Әбенов пікір білдірді. Ол әлеуметтік желілерде овербукинг тәжірибесі әлемнің көптеген елінде қолданылатынын, себебі жолаушылардың бір бөлігі әдетте рейске келмей қалатынын атап өтті. Алайда оның айтуынша, дамыған мемлекеттерде жолаушылардың құқығын қорғаудың нақты тетіктері бар.
Кейін FlyArystan әуе компаниясы ресми түсініктеме берді. Компания мәліметінше, Астана – Өскемен – Астана бағыты бойынша FS7371/7372 рейстерінде Airbus A320 ұшағына техникалық қызмет көрсету мерзімін ұзарту қажеттілігі туындаған.
Осыған байланысты ұшақ сыйымдылығы аз Air Astana әуе компаниясының әуе кемесіне ауыстырылған. Соның салдарынан расталған броньдар саны қолжетімді орындардан асып кеткен жағдай қалыптасқан.
Әуе компаниясының хабарлауынша, жолаушыларға балама ұшу нұсқалары немесе билет құнын толық қайтару ұсынылған. Сондай-ақ ваучер түрінде өтемақылар берілген.
Әуе компаниясы ықтимал қолайсыздықтарды барынша азайту үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Мұндай шешімдер рейстердің ұзақ кідірісін болдырмау және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданады, – деп мәлімдеді FlyArystan.
Бұл жағдайға қатысты талқылау әлеуметтік желілерде жалғасып жатыр. Пайдаланушылар Қазақстанда овербукинг тәжірибесін нақтырақ реттеу және жолаушылар құқығын қорғауды күшейту қажеттігі туралы да мәселе көтеріп отыр.