12 Қазан 2026, 03:12 Фото: Коллаж Informburo.kz

Флоридадағы дауыл АҚШ-тың мұнай саласына әсер етті

Дауылдан кейін АҚШ-тың Энергетика министрлігі ExxonMobil және BP America компанияларына стратегиялық мұнай қорынан әрқайсысына 2 миллион баррельге дейін мұнай алуға рұқсат берген.

АҚШ-тың оңтүстік-шығысында болған «Исайяс» дауылы салдарынан төрт адам қаза тауып, жүздеген мың үй мен кәсіпорын электр қуатынсыз қалды. Табиғи апат Мексика шығанағындағы мұнай саласына да әсер етті.

Bild басылымының мәліметінше, дауылдың екпіні сағатына 165 шақырымға дейін жеткен. Милтон қаласында қатты жел тұрғын үй кешенінің шатырын жұлып, пәтерлерге айтарлықтай зақым келтірген. Флорида мен Алабама штаттарында ағаштар құлап, ғимараттар бүлінген.

Дауылдан кейін АҚШ-тың Энергетика министрлігі ExxonMobil және BP America компанияларына стратегиялық мұнай қорынан әрқайсысына 2 миллион баррельге дейін мұнай алуға рұқсат берген. Бұл мұнай өңдеу зауыттарының жұмысын жалғастыруына көмектесуге тиіс. Компаниялар алынған мұнайды 2027 жылы қорға қайтаруы керек.

Сонымен қатар Мексиканың Тынық мұхиты жағалауына «Саймон» дауылы жақындап келеді. Ол төртінші санатқа дейін күшейіп, желдің жылдамдығы сағатына шамамен 240 шақырымға жеткен. Жергілікті билік күшті жел, су тасқыны және көшкін қаупі бар екенін ескертті.