Фитнес жаттықтырушы мінсіз мүсіннің құпиясын айтты

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Фитнес адамның сыртқы сымбатын жақсарту үшін ғана емес, салауатты өмір салтын ұстануы үшін де қажет. Фитнестің мықты денсаулыққа, әдемі дене бітіміне әсерінен бөлек адамның көңіл-күйіне қандай көмегі бар екендігін қарағандылық фитнес жаттықтырушы Анастасия Изотовадан сұрап білген едік. 


Фитнес дене мүсініңіздің жинақы әрі көзтартарлықтай болуына көмектеседі. Өзіңе деген сенімділік те осыдан кейін келеді. Ал мінсіз мүсіннің басты құпиясы – фитнеспен қатар тамақтануды да дұрыстау. Көңіл толатындай нәтиженің 80%-ы тамақтануға, қалғаны жаттықтырушыға байланысты екен.

Арықтағысы келетін немесе керісінше салмақ жинағысы келетін қыздардың жаттығудан кейінгі тамақтану режимі әртүрлі болады. Салмақ қосқысы келетін қыздар жаттығудан соң гейнер ішіп, бір сағаттан соң ауқаттануы керек. Ал артық салмақтан арылғысы келетіндер болса тек екі сағаттан кейін ас ішіп, оның өзінде ақуызды тамақ өнімдерін жегені дұрыс. Олар кешкілік қуырылған, майлы, тұзы көп және көмірсулы тағамдарды жемегені абзал. Негізі салмақ тастағысы келетіндерді жаттықтыру жеңілірек, ал салмақ қосқысы келетіндермен жұмыс жасау қиындау, нәтиже бірден болмайды. Себебі оларды метаболизмі жоғары болғандықтан салмақ жинау оңай емес. Көп еңбектену керек. Жалпы жаттығудың нәтижелі болып, мінсіз мүсін жасаудың құпиясы – дұрыс тамақтануда, - дейді Анастасия Изотова.

Оның айтуынша, кейбір адамның денсаулығына, иммунитетіне байланысты фитнес жақпайтын кездер де болады. Кейбіреулердің басы айналып, құсып та жатады.

Әртүрлі жағдай болады. Бірде қарапайым отырып-тұру жаттығуына қыз бала шыдай алмай, басы айналып қалды. Фитнес барлық адамға жағады деп айта алмаймын. Сонымен қатар, адамның көңіл хошына және уақытында тамақтануына да байланысты. Дайындықтан екі сағат бұрын міндетті түрде ауқаттану қажет. Тамақты тым көп жеу де жаттығудың дұрыс болмауына әсер етеді. Фитнеске бірінші рет келген қыздарға бірден қиын жаттығулар бермейміз. Алдымен 40 минут, одан 1, 1,5 сағат айналысатын боламыз. Жалпы жаттығуды бастардан бұрын "кардио", яғни 20-30 минут жүгіру жолағында жүру міндетті. Бұл қан айналымның дұрысталуына, жаттығу кезінде жүрекке күш түсірмеу үшін қажет. Әрине, әр адамның денсаулығына, сырқатына байланысты қарсы көрсетілімдер бар, соларды ескеріп жаттығулар тағайындалады. Мысалы, менде арқа омыртқасының қисаюы диагнозымен дайындалатын қыздар бар. Оларға арнайы жаттығулар беремін. Қыздар фитнестен кейін өздерін жақсы сезінетіндігін, түнде жақсы ұйықтайтындығын айтады. Әр жағдайдың өзінің ерекшелігі бар, адамның денсаулығына зақым келмес үшін, ең бастысы жаттығуды дұрыс тағайындау керек. Сондықтан да, фитнеспен шұғылдануды бастағандардың барлығы кемінде 5-6 ай жаттықтырушының кеңесіне міндетті түрде сүйенуі керектігін айтқым келеді, - дейді жаттықтырушы.

Спорттың адам денсаулығына оң әсерін барлығымыз да білеміз. "Шыныққан шымыр болады" демекші, жаттығу залдарына барып, бірнеше сағат спортпен айналысқандар тек калория жоғалтып ғана қоймай, күні бойына сергек жүреді дейді фитнес жаттықтырушы.

Фитнеске келмей тұрғанымда қан қысымым төмен болып, үнемі басым ауырып, өзімді нашар сезінетінмін. Күні бойы көңіл күйім болмай, әлсіздік деңдейтін. Спортпен айналысқалы мұның барлығы кетті. Жүру жеңілдеді. Мысалы, қазір мен күні бойы жүрсем де кешке шаршамаймын. Өзімді өте жақсы сезінемін. Денсаулығында кінәраты бар қыздардың барлығын спортпен шұғылдануға шақырамын, - дейді Анастасия.

34 жастағы фитнес жаттықтырушы Анастасия Изотова спортпен бала күнінен айналысқанын айтады. Мектепте оқып жүргенінде бимен кәсіби айналысқан Анастасия бойжеткеннен кейін фитнеспен шұғылдана бастайды. Алдымен өзінің денсаулығы мен дене сымбатын арттыру мақсатындағы физикалық дайындықтар кейіннен өмірінің бір бөлшегіне айналып, фитнеспен кәсіби түрде айналысуға бел буады.

18 жасымда тұрмысқа шықтым. Тұңғышым дүниеге келгеннен кейін әуесқой спортшы ретінде фитнеспен айналысуды жалғастырдым. Біраз жылдан кейін қызымды өмірге әкелдім. Осыдан кейін спорт саласына біржолата бет бұрдым, биыл фитнеспен кәсіби түрде айналысқаныма жеті жыл болды. Фитнес залында дайындалып жүргенімде маған адамдар келіп, өздерін қалай дұрыс жатттығу керектігін сұрап, көмектесуді, үйретуді өтіне бастады. Алдымен бір қызға көмектестім, одан кейін тағы біреуіне, сосын тағы біреуіне көмектесіп, нәпақа тауып жүрдім. Осылайша, бұл істің менікі екендігін түсіндім. Содан кейін "фитнес жаттықтырушысы" мамандығын оқып, тәжірибеден өттім, - дейді Анастасия Изотова.

Фитнес жаттықтырушысы ерлер мен әйелдер жаттығуының айырмашылығы үлкен екендігін айтады. Ер адамдар денесінің жоғарғы жағына мән берсе, қыздар керісінше аяғының әдемі болғанын қалайды.

Ерлер мен әйелдерді жаттықтырудың бағдарламасы екі түрлі. Көптеген қыздар аяғын ғана шынықтырып, денесінің жоғарғы жағына мән бермейді, бұл дұрыс емес. Сымбатты мүсін тек аяқта ғана емес, кеуде, арқа, қол мен иықты да шынықтыру қажет. Мен ерлерді де, әйелдерді де жаттықтырамын. Көбіне әйелдер еріншек болып келеді. Олар тіпті 1 айда нәтиже болғанын қалайды. Бірақ, бұл мүмкін емес. Аптасына кем дегенде 3 күннен кемінде 5 ай жаттығу керек. Фитнес бұл үздіксіз еңбек. Мұнда бір келгеннен кейін оны тастап кетпеу керек. Сымбатты мүсінді бес айда жасауға болады. Бірақ одан кейін мұнымен айналысуды жалғастырмасаңыз, біраз уақыттан кейін бәрі орнынан қайта келеді. Бұлшықеттер босаңсып, шымыр дене салбырап қалады, - дейді ол.

Жаттықтырушы фитнеспен шұғылданатын нәзік жандылардың жасы да әртүрлі екендігін айтады. Жаттығу залдарына тіпті 14 жастағы жасөспірімдер де келеді екен. Соңғы жылдары жастардың арасында "фитоняшка" термині белең алып, бойжеткендердің жаппай жаттығу залдарына ағылған.

Бар-жоғы 14 жасында фитнес залдарға келетін жасөспірімдер де бар. Оларға штанга бермеймін. Себебі, бойы өспей қалады. Жас қыздар "фитоняшка" болғысы келеді. Яғни, бойжетіп қалған қыздар арасында дене мүсінінің әдемі болуы, аяқтарының, қолдарының, басқа да дене мүшелерінің мінсіз болуы маңызды. Бұл оларға әлеуметтік желілерге әдемі суреттер жүктеуге де көмегін тигізеді. Қазір фитнеспен айналысу сәнге айналды деуге болады. Мен фитнеске келген жылдары залдарда жігіттер көп болатын. Бізге қарағанда жігіттер өздерінің дене мүсініне көбірек көңіл бөліп, өздерін қатты жақсы көре ма деп ойлайтын едім. Қазір қыздар да спортпен айналысуға бет бұрған, белсенділігі жоғары. Бірақ олардың көпшілігі фитнесте уақытша деуге болады. Қыздар өздеріне керек мүсінді жасағаннан кейін фитнестен кетеді, спортты дене бітімі осылай сақталып қалады деп ойлайтын болуы керек. Бірақ бұл қате түсінік. Біраз уақыттан кейін бұлшықеттердің серпімділігі кетіп, дене босаңсиды, ал егер дұрыс тамақтануды жалғастырмаса, артық салмақ та қайтып келеді, - деді Изотова.

Оның айтуынша, әйел адамдар фитнестің көмегімен тіпті төсін де қалпына келтіре алады.

Әйелдер баласын емшек сүтімен тамақтандырғаннан кейін созылып кеткен төсін қалыпқа келтіру мүмкін емес деп ойлайды. Мен өз тәжірибемнен бұның әбден мүмкін екендігін айтқым келеді. Мен қызымды төрт жасқа келгенінше еміздім. Бала осынша көп уақыт емгеннен кейін төсімнің қандай жағдайда болғандығын өзіңіз түсініп отырған шығарсыз. Бірақ мен төсімді қалпына келтіремін деп мақсат қойдым, бұған 2,5 жыл уақыт жұмсадым. Ол үшін арнайы баттерфляй сияқты жаттығуларды жасау керек. Оңай емес әрине, көп уақыт керек, бірақ мүмкін емес мәселе жоқ, - дейді ол.

Анастасия Изотова фитнес залына барып, жаттығуды бастауды әртүрлі сылтаумен кейінге қалдырып жүрген қыздарды көп ойланбауға, спортқа тезірек келуге шақырды. Себебі, фитнес бұл – өз-өзіңе деген сенімділік, мықты денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй. Қыздардың сымбатына сымбат қосатын, мүсінін мінсіз қылатын фитнеспен айналысудың жақсы жағы жеткілікті дейді жаттықтырушы.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы