Fitch Ratings Қазақстанның кредиттік рейтингін растады
Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін "BBB" деңгейінде растады. Болжам – "Тұрақты", деп хабарлайды BAQ.KZ Экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Агенттік бұл шешімге елдің қаржылық тұрақтылығы мен сыртқы активтерінің жоғары деңгейі негіз болғанын атап өтті. Атап айтқанда, Ұлттық қордың валюталық активтері мен Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері, мемлекеттік қарыздың төмен деңгейі және фискалдық саясаттағы біртіндеп шоғырландыру оң бағаланған.
Fitch мәліметінше, Теңіз кен орнын кеңейту есебінен мұнай өндіру көлемінің артуы мұнай бағасының төмендеу әсерін өтейді. Сонымен қатар, салық кодексіне енгізіліп жатқан реформалар бюджет тапшылығын қысқартуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы тұрақты деңгейде қалатыны болжанып отыр. Шикізаттық емес секторға көрсетіліп жатқан мемлекеттік және квази-мемлекеттік қолдау экономиканы әртараптандыруға оң ықпал етуде.
Агенттік АҚШ енгізген 25% тарифтердің Қазақстанға ықпалы шектеулі екенін де атап өтті, себебі АҚШ елдің сыртқы саудасында маңызды серіктес саналмайды. Сондай-ақ, қайталама санкциялар тәуекелі де төмен деп бағаланды.